Сенбі, 21 желтоқсан, 20:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Токсикозға шағымданған әйел ауруханада көз жұмды

20.03.2024

690 0

Сурет: massaget.kz

Жамбыл облысында жүкті әйел ауруханада қайтыс болды. Туыстары оның өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды дейді, – деп хабарлайды Massaget.kz.

8 қаңтарда А. есімді әйел Жуалы аудандық ауруханасына токсикозға шағымданып келген Ауруханаға жатқызылған кезде ол жүктілігінің сегізінші аптасында болған.

«Әйелді емдеген болған гинекологиялық бөлім меңгерушісінің айтуынша, учаскелік дәрігердің ұсынысы бойынша сіңілімді 8 қаңтарда гинекологиялық бөлімшеге жатқызды. 13 қаңтарда меңгеруші сіңіліме «Ксилол», 200,0 дәрісін сатып алуды сұраған. Дәрігер қойындәптерге дәрінің атын қолмен жазып берген. Сіңілім суретке түсіріп, күйеуіне сатып алу үшін жіберген. Күйеуі бұл химиялық зат екенін біліп, сіңілімнен дәрігерден дұрыстап сұрап алуын айтты. Дәріханадағылар «Мүмкін «Ксилол» емес, «Ксилат» шығар?»деп сұрады. Күйеуі сіңіліме «Ксилатты» суретке түсіріп жіберді. Дәрігер «Иә, осы дәрі» деді, – дейді марқұмның әпкесі.

Оның айтуынша, бұл дәрі емдеу хаттамасында жоқ. Соған қарамастан, 14 қаңтарда кешке марқұмның күйеуі дәріханадан 200 миллилитрлік үш бөтелке «Ксилат» препаратын сатып алып, медицина қызметкерлеріне берген.

«14 қаңтарда сағат 19:07-де әпкем күйеуіне дәрігерлер таңертең «Ксилат» препаратын енгізу туралы шешім қабылдағанын жазған. 15 қаңтарда сағат 14:35-те сіңілім оған таңертең дәрі салғанын жазды. 15 қаңтарда кешкі сағат 19:24-те екінші бөтелке «Ксилат» препаратын салып, тағы да «Церукал» салғанын жазды. 15 қаңтарда сағат 13:14-те сіңілім күйеуіне түскі сағат 14:00-де ауруханадан шығарылатыны туралы жазған. Күйеуі сіңіліммен сағат 13:36-дан бері телефон арқылы байланыса алмаған. Бұл кезде сіңілімнің жағдайы күрт нашарлап, жүрегі тоқтап үш рет қалған. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды. Аурухана дәрігерлерінің айтуынша, олар Тараз қаласынан санитарлық авиация шақырған», – дейді марқұм әйелдің әпкесі.

Марқұмның күйеуі оның заттарын ауруханадан алып бара жатқанда, оның сөмкесінде әрқайсысы 200 миллилитрден, жарамдылық мерзімі AV 13/1-2 сериясы 200 миллилитрлік үш бөтелке «Ксилат» препаратын көреді.

«Дәрігерлер дәрінің қалғанын салып жіберген екен. Ал сіңілімнің күйеуі АВ 212/1-1 сериясы 2024 жылғы 27 қазанға дейін жарамдылық мерзімі бар «Ксилат» препаратын сатып алған еді. Демек бөлім қызметкерлері дәріні ауыстырған. 18 қаңтарда бас дәрігер мен гинекологиялық бөлімше меңгерушілерінен емдеу хаттамасын сұрадым, екеуі де беруден бас тартты. 19 қаңтарда таңғы сағат 7:45-те менің сіңілім қайтыс болды. Ол денсаулығына ешқашан шағымданбаған. Небәрі 28 жаста еді. Жақынымның өлімі аудандық ауруханадағы медицина қызметкерлерінің бұрыс әрекетінен болды деп есептеймін», – дейді марқұмның әпкесі. 

Марқұм әйелдің артында кәмелетке толмаған үш баласы қалды.

Сондай-ақ, марқымның әпкесі ата-анасына аурухананың үш дәрігері келіп, қаржылай көмек көрсеткісі келетінін айтқан.

«Олар ата-анама: «Қаржылық жағынан көмектесейік, дау шығармаңдар, осы жерден қояйық» деді. Олар – бас дәрігердің орынбасары, гинеколог және мен танымайтын жігіт еді. Олар ата-анамнан ешқайда жүгінбеуін сұраған. Әкем оларға арызды жазған ол емес екенін айтса, олар: «Сіз әке ретінде сабыр сақтауын, ешқайда жүгінбеуін айтыңыз» деген. Әкем бас тартты», – дейді әйел. 

Денсаулық сақтау басқармасы А. есімді әйелдің қайтыс болуына байланысты Жуалы аудандық орталық аудандық ауруханасында Жамбыл облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті тексеру жүргізгенін хабарлады. Комитет марқұмның әпкесін тексеру нәтижесімен таныстырды.

«Тексеру қорытындысы бойынша, «Ксилат» препаратын қолдану дерегі анықталған жоқ. Қазір сот-медициналық сараптаманың қорытындысы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне түспеген. Бұл іс бойынша құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Науқас А.-ға қатысты барлық медициналық құжат құқық қорғау органдарының қарауында. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысын алғаннан кейін медициналық-фармацевтикалық бақылау комиссиясы Жуалы ауданының орталық аудандық ауруханасына қайта тексеру жүргізу туралы мәселені шешеді», – делінген жауапта. 

Жамбыл облысының полиция департаменті өкілдері әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Дәрігерлердің әрекетін тексеру үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне сауал жіберілді. Тексеруден кейін процестік шешім қабылданады. Оқиға барысында соталды тергеп-тексеру барысында ақша беру әрекетіне қатысты уәждер қосымша тексерілетін болады», – деп түйіндеді полиция бөлімінде.

Марқұмның отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен келіспейді.

«Біз сот-медициналық сараптаманың қорытындысын алдық, біз олармен келіспейміз. Қорытындысында олар нитритпен жедел уланған деп жазып жатыр. Егер сіңілім 8-16 қаңтар аралығында ауруханада болса, бұл қайдан шыққан? Эксгумация жасаймыз.Тәуелсіз сарапшы тартамыз», – дейді марқұмның әпкесі.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: