Қазіргі жаһандану заманында мемлекеттердің өркендеуі тек экономикалық жетістіктермен емес, қоғамдағы рухани мәдениет пен әлеуметтік тұрақтылық деңгейімен өлшенеді. Сол рухани құндылықтардың бірі әрі ең маңыздысы – толеранттылық. Бұл ұғым өзге адамның ұстанымына, дініне, тіліне, ұлттық ерекшелігіне құрметпен қарауды білдіреді.
Толеранттылық – қоғамды біріктіретін, адамдарды бейбіт өмір мен өзара түсіністікке жетелейтін адамгершілік ұстаным.
Қазақстан – көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы мемлекет. Осындай алуан түрлі қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін төзімділік пен сыйластық мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Елдегі этностар мен діни топтардың өзара татулығы – толеранттылық қағидатын күнделікті өмірде ұстанудың нақты көрінісі. Әр азамат өз құқығын пайдалана отырып, өзгелердің пікіріне, дүниетанымына құрметпен қарауы – демократиялық қоғамның белгісі.
Зайырлы мемлекет жағдайында толеранттылықтың мәні ерекше. Зайырлылық – дін мен мемлекеттің бөлінуін ғана емес, әр азаматтың ар-ождан және сенім бостандығын қорғауды көздейтін қағида. Бұл ұстаным қоғамда әділдік пен теңдікті нығайтып, түрлі көзқарастар мен нанымдардың бейбіт қатар өмір сүруіне жол ашады.
Толерантты қоғам – тұрақтылықтың, келісімнің және дамудың кепілі. Сондықтан әрбір азамат өз ортасында төзімділікті дәріптеп, сыйластық мәдениетін нығайтуға үлес қосуы қажет. Тек өзара құрмет пен түсіністік арқылы ғана мемлекетіміздің болашағы жарқын, бейбіт әрі берік болмақ.
Назкерімсұлу ӘУБӘКІР,
Қызылорда облысы дін істері басқармасы дін мәселелерін зерттеу орталығының журналист маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!