Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысына төрағалық еткен Қасым-Жомарт Тоқаев шетелге көшіп кеткен қазақстандық ғалымдарды қайтару мәселесін қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев шетелде жүрген отандық ғалымдарды өз зерттеулерін Қазақстанда жалғастыруға шақырды. Сөзінше, мемлекет мұндай ғалымдарға ұйымдастырушылық тұрғыдан және қаржылай нақты көмек көрсетуге дайын.
“Шетелде жұмыс істейтін ғалымдарды бұған дейін де шақырғанбыз. Осы мәселені мұқият ойластыру керек. Ғылым өзінің ауқымы мен сипаты жағынан жаһандық деңгейде болғандықтан, бұл жерде жалаң патриотизмге берілу орынсыз. Әйтсе де Қазақстан ақыл-ойдың жаһандық бәсінен тыс қалмауы керек”, – деді ол.
Сөзінше, сұранысқа ие ғалымдар жақсы жалақы, зерттеуге қолайлы жағдай үшін немесе жаңа тәжірибе үшін басқа мемлекеттерге жиі қоныс аударуға мәжбүр.
“Мықты ғалымдардың келуі еліміздің дамуына тың серпін береді әрі адами капиталдың сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етеді. Халықаралық тәжірибені жан-жақты зерттеп, шетелден білікті мамандар мен ғалымдарды тарту мақсатында барлық мүмкіндікті қарастырған жөн. Ол үшін елімізде табысты еңбек етуге қолайлы жағдай жасау керек. Мемлекет, ғылыми қоғамдастық және бизнес арасындағы жасампаз серіктестік отандық ғылымды өрге сүйрейтін негізгі шарт екеніне сенімдімін», – деді президент.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!