Қармақшы топырағында түркі дүниесінің ортақ рухани мұрасын дәріптейтін айтулы мәдени шара – «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі өз шымылдығын түрді.


Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған өнер мерекесі Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен және халықаралық «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының бастамасымен өтуде. Алғаш рет бұл фестиваль 2006 жылы өткізілген болатын.Фестивальге Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тыва, Алтай және Қазақстаннан 200-ге жуық өнерпаз жиналды. Олардың қатарында дәстүрлі өнердің белгілі шеберлері мен жас орындаушылар бар.


Биылғы фестиваль Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – өңірдің мәдени өміріндегі ерекше оқиға.Фестивальдің негізгі мақсаты – түркі халықтарының бай рухани мұрасын насихаттау, ұлттық музыка мен дәстүрлі өнерді дәріптеу, сондай-ақ бауырлас елдердің мәдени ынтымақтастығын нығайту.


Салтанатты ашылу рәсімінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов пен «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының президенті Ақтоты Райымқұлова қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, шараның маңыздылығын атап өтті.

Кеш барысында түркітілдес елдерден келген өнерпаздар көрермендерге ұлттық әуен мен ғажайып сазға толы бағдарламаларын ұсынды.

Фестиваль аясында қатысушылар Қызылорданың тарихи орындары мен облыстық музейді аралап, «Жібек жолы жаңғырығы» атты дәстүрлі және заманауи өнер көрмесін тамашалайды.

Мәдени шара соңында өтетін қорытынды концерт түркі халықтарының өнері мен бауырластығын тағы бір мәрте айшықтап, Сыр өңірінің мәдени келбетін байыта түспек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!