Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі жөніндегі есеп талқыланды. Онда бизнесті субсидиялау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және осы бағыттағы мемлекеттік тетіктердің нақты нәтижесі сарапқа салынды, деп жазады Egemen.kz.
Депутат Тимур Қырықбаевтың айтуынша, мәселе тек кәсіпкерлікті қолдау шеңберімен шектелмейді. Бұл қарапайым азаматтардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін жүйе. Оның сөзінше, талқылау кезінде Үкіметтің қолдау саясаты жарияланған мақсаттарға қаншалықты сәйкес келетіні де сұрақ астында қалған.
«Талқылау барысында Үкіметтің бизнесті субсидиялау саясатының нақты нәтижесі, оның жарияланған мақсаттарға сәйкестігі және ең бастысы – бұл шаралардың қарапайым азаматтардың тұрмысына қаншалықты әсер етіп отырғаны жөнінде өткір әрі орынды сұрақтар қойылды», дейді депутат.
Тұрақтандыру қорларының бастапқы мақсаты орындалмай отыр
Тұрақтандыру қорлары 2011-2012 жылдары баға құбылған кезеңде нарыққа жедел араласу үшін құрылған. Негізгі міндет – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының күрт өсуіне жол бермеу. Алайда аудит нәтижесі бұл тетіктің қазіргі жағдайда тиімді жұмыс істемей отырғанын көрсеткен.
Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру процесіне қатысуы нақты нәтиже бермеген. Соның салдарынан бір жыл ішінде картоп бағасы шамамен 40 пайызға, пияз 20 пайызға өскен. Бұл жүйелі жоспарлау мен басқарудың әлсіздігін аңғартады.
Өнім қоймада, ал дүкен сөресінде тапшылық
Ең алаңдатарлық жайттардың бірі – бюджет қаржысына сатып алынған өнімнің халыққа жетпей, қоймаларда бұзылып жатуы. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы екі жылда сатып алынған өнімнің небәрі 19 пайызы ғана сатылған. Қалған бөлігі 2021 жылдан бері қоймаларда сақталып, бағаны тұрақтандыру міндетін атқармаған.
Бұл жағдай өңірлерде де көрініс тауып отыр. Мәселен, Қызылорда облысында тұрақтандыру қоры қоймаларында 1,8 млрд теңгенің өнімі есепте тұрғанымен, әлеуметтік дүкендерде ет пен сүт өнімдері жетіспейді. Сонымен қатар кейбір өңірлерде бөлінген қаржы айналымнан шығарылып, депозиттерге орналастырылғаны анықталған.
Жаңа модель қажет
Жоғары аудиторлық палата қазіргі форматта әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бағаны тұрақтандыру тетіктеріне қатысуы орынды емес екенін атап өтті. Себебі өнімді қашан, қандай көлемде және қандай жағдайда нарыққа шығару керегі алдын ала жоспарланбайды.
Талқылау қорытындысында Мәжіліс депутаттары Үкіметке тұрақтандыру қорлары мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың тиімділігіне кешенді баға беруді ұсынды. Нарыққа шығу уақыты, көлемі және нәтижесі нақты өлшенетін, ашық әрі түсінікті тетіктер енгізілуі тиіс. Әкімдіктер өңірлік ерекшелікті ескеріп, өміршең ұсыныстар әзірлеуі қажет.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
