Бейсенбі, 26 желтоқсан, 15:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

20.02.2021

7858 0

Сәрсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өңірдегі жыл бойы атқарылған істерді саралап, халық алдында есеп берді. Кездесу онлайн форматта ұйымдастырылып, тұрғындар көкейкесті сұрақтарын әлеуметтік желі арқылы жолдады.

Былтыр ел экономикасына кері әсер еткен факторлар аз болған жоқ. Пандемия әсерінен аймақта мұнай мен уран өндірісінің азаюы маңызды саладағы кей көрсеткішті төмендетті. Өңір экономикасының өзекті мәселесі кен орындарының сарқылуы екенін атап өткен облыс әкімі мұнайдың 17,3 процентке, (биыл 10,5 процентке қысқарады деп болжануда) уранның 20 процентке азайғанын жеткізді. Алдағы уақытта бұл мәселені шешу­дің жолдары қарастырылып, бірқатар шара қабылданбақ. Ал жалпы алғанда Үкіметпен жасалған меморандум аясында өңірге тартылуы тиіс 230 миллиард теңге инвестиция көлемі 292 миллиард теңгені құрап, 27 процентке артығымен орындалыпты. Бұл бағытта жұмыстар әрі қарай да жалғасын таппақ.

Биыл республикалық бюджеттен қаржы­ландыруға 110 жоба әзірленіп, Үкіметке жол­данған. Айта кету керек, өткен жылы өңірлерді индустрияландыру бағдарламасымен 1,5 млрд теңгеге 3 жоба мақұлданып, 172 жұмыс орны құрылған. Оның ішінде тауарлы балықты өсіру және терең өңдеу кешенін кеңейту, балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын ашу,  кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинатын іске қосу бар.  Сонымен қатар шыны зауытының құрылысы, құс фабрикасын салу, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру және «Арал тұз» АҚ-да испан технологиясымен тұз өндірудің үшінші цехын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ шыны зауыты жанынан 8 өндіріс ошағы ашылады деп күтілуде. Бүгінде оның 3-еуінің жобалау кезеңі аяқталған. Аталған жобаларды жүзеге асыру ел экономикасын тұрақтандыру мен жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір тетігі бол­мақ. Мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, соның 15 мыңға жуығы тұрақты еңбек көзіне айналған.  Ал облыста жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентті құраған.  

Есепті кездесуде аймақ басшысы аграрлық саладағы ілкімді істерді де айрықша атап өтті. Инвестиция, жаңа технология,  техникалық қайта жарақтандыру сынды басты қажеттіліктермен қамтылу нәтижесінде ауылшаруашылық өнім­дерін өндіру соңғы 5 жылда біршама артқан. Былтырғы жетістіктің бірі ретінде экспорт кө­лемінің ұлғаюын, оның ішінде алғаш рет шетелге қамыстың шығарылуын айтуға болады. Одан бөлек аграрлық өнімнің 11 түрі әлемнің 17 еліне экспортталады. Су тапшылығына қа­рамастан егістік алқапты әртараптандырудың арқасында күріш жинаудан да диқандар жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Мұндай тәсілдер алдағы егін науқанында да қолданысқа енгізіліп, тіпті, оның басқа тиімді әдістері қарастырылмақ. Ал су тапшылығын болдырмау мақсатында су жинайтын қоймалар салынып, биыл бұрын қолданыста болған «Қараөзек», «Күміскеткен», «Қызылорда» және «Әйтек» су қоймасын қайта іске қосу көзделуде. Сондай-ақ Үкіметтің қол­дауымен «Көкарал» бөгетін қалпына келтіру жоспарлануда. Мал, балық шаруашылығын дамыту ісінде де бірқатар жоба жүзеге асады. Бұл өз кезегінде балық, ет, сүт өнімін өндіру ісін жандандырмақ. Әсіресе балық шаруашылығына басымдық беру арқылы балық экспортын ұлғайту жоспарлануда.

Аймақтың инфрақұрылымдық дамуының да қарқыны байқалады. Әсіресе өткен жылы барлық аудандар мен қала көлемінде жол жөндеу, ауыз су, кәріз,  жылу құбырларын қайта жаңғыртуға басымдық берілді. Нәтижесінде өңірде 492 ша­қырым автожол мен көше, 2 көпір салынып, 39 көпқабатты үй, 13 әлеуметтік нысан бой көтерген. Сыр халқының ауыз сумен қамтылуы 97 процент, табиғи газға қосылуы 65 процентке жеткен.  Оған қоса 16 елді мекеннің су құбыры мен кәріз желісі жаңартылып, 100 мыңнан аса тұрғынды таза ауыз сумен қамтуға мүмкіндік туыпты. Жуырда Тереңөзек кентіне табиғи газдың жетуі тұрғындарды қуанышқа бөледі. Алдағы уақытта Жосалы және Жалағаш кентінің халқы да «көгілдір отынның» игілігін көрмек.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ТАБЫСҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Пандемия кері әсер еткен негізгі сала ре­тінде кәсіпкерлікті айтуға болады. Төтенше жағдай, карантиндік талаптың күшейтілуі бұл саланы нәсіп еткендерге біраз салмақ салды. Дегенмен кәсіпкерлікті қолдау тоқтаған емес. Президент тапсырмасымен кәсіпкерлерге бір­шама жеңілдіктер қарастырылды. Әсіресе көп­балалы аналардың кәсіп бастауына, тұрақты табыс көзін табуына жол ашылды. Қазіргі таң­да кәсіпкерлердің басым көпшілігі бағытын өз­гертіп, өндіріс саласына бетбұрыс жасауда.

Қысылтаяң кезеңде көпшілік денсаулық пен білімнің қадірін жіті ұғынғаны жасырын емес. Денсаулық саласын дамыту қашанда күн тәртібіндегі мәселе болатын. Десе де індет тұсында кемшіліктер көзге көрінді. Бүгінде соның орнын толтыруға жұмыс жасалуда. Алдағы уақытта аудандар мен шалғай елді мекендерде дәрігерлік амбулатория, аурухана салу ісі жүзеге асады. Бүгінде аудандардағы орталық аурухана салу ісі аяқталғанымен, тозығы жеткен алғашқы медициналық көмек көрсететін нысандар қайта жаңғыртылмақ.

Ал білім беру ісінде оқушыларды қажетті құрал-жабдықпен қамту басты назарға алынды. Осы ретте аз қамтылған және көпбалалы от­басы балаларының да лайықты білім алуы да күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл ретте аталған санаттағы отбасынан шыққан дарынды ауыл балаларына арналған гранттар 150-ге артқан. Олардың қашықтан еш кедергісіз білім алуына барынша жағдай жасалған еді. Алдағы кезеңде апатты жағдайдағы мектептерді қайта салу,  жаңа білім ошақтарының бой көтеруі әрі қарай да жалғасын таппақ.

Есепті жиын кезінде бұдан өзге мәдениет, спорт саласында атқарылған игі істер де сөз болды. Халықты рухани сусындату, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыруда спорттық ойын алаңдарының көптеп салынуын, мәдени іс-шаралардың онлайн өткізілуін соның бір дәлелі ретінде айтуға болады. Мұндай жобалар тек облыс орталығында ғана емес, өзге аудандарда да жүзеге асты.

Жыл көлемінде атқарылған істердің бір парасы осындай. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Мерейлі жылда жүзе­ге асар жоба ау­қымы да, жауапкершілік те екі есеге артпақ. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова бұл қиын­дық уақытша екендігін, бұл сын сәттен де аман-есен шығатынымызды, бас­тысы бірлігіміз артып, татулығымыз тұрақты болуы керегін тілге тиек етті.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: