Қазақстанда тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесі әзірленіп жатыр. Неліктен тұрғын үйді сақтандыру қазақстандықтар үшін міндетті болады және қандай төлемдер қарастырылады? Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі анықтап көрді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
БҰҰ бағалауынша, Қазақстан аумағының шамамен 75%-ы жер сілкінісі, су тасқыны, көшкін, сел, қар көшкіні және ауа температурасының күрт ауытқуы сияқты табиғи апаттарға бейім.
Соңғы жылдары климаттық жағдайлардың өзгеруіне байланысты табиғи апаттардың жиілігі мен ауқымы артып отыр. Мәселен, 2023-2024 жылдары болған су тасқындары, жер сілкіністері мен орман өрттері тұрғын үйлердің басым бөлігінде апатты жағдайлардың салдарынан қаржылық қорғаныстың жоқ екенін көрсетті. Жаһандық климаттың өзгеруі мен төтенше жағдайлардың ықтималдығының артуы жағдайында апаттық тәуекелдерден қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру – ҚР Үкіметінің басты басымдықтарының бірі болып отыр, – деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде.
Міндетті сақтандыру нені қамтиды?
Агенттік Үкіметпен және халықаралық ұйымдармен – Азия даму банкі және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Қазақстан үшін апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру моделін әзірледі. Ол жер сілкінісі, су тасқыны, сел және орман өрті тәуекелдерін қамтиды.
ТЖМ дерегінше, 13 облыс (Абай, Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, БҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау) және республикалық маңызы бар 2 қала (Алматы мен Шымкент) жер сілкінісі мен су тасқынының жоғары тәуекел аймағында орналасқан.
Табиғи апат қаупі жоғары өңірлерде сақтандырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылдық сақтандыру жарнасының базалық мөлшері 0,5–5 АЕК көлемінде (1 000-нан 20 000 теңгеге дейін) белгіленеді. Сонымен қатар аймақтың апатқа бейімділігіне қарай сақтандыру жарналары сараланады. Бұл қаржылық жүктемені әділ бөлуге және қауіп-қатері төмен аймақтардағы тұрғындар үшін шамадан тыс өсімнің алдын алуға мүмкіндік бередіді, – деді ведомствода.
Алғашқы қаржылай көмек көрсету үшін сақтандыру төлемдері 500 мыңнан 10 млн теңгеге дейін болады. Бұл азаматтардың бастапқы қажеттіліктерін жабуға мүмкіндік береді.
Уақыт өте келе, яғни он жыл ішінде қорда қаражат жиналған соң төлем көлемі 3 млн теңгеден 60 млн теңгеге дейін жетеді деп күтіледі. Бұл қираған тұрғын үйлерді қалпына келтіруге қаржыландыруға жол ашады.
Заң қашан қабылданбақ?
Агенттік реттеуші саясаттың Консультативтік құжатын әзірледі және “Табиғи апаттардан тұрғын үйді міндетті сақтандыру туралы” заң жобасын дайындап жатыр. Парламентке оны 2025 жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр.
Құжат қабылданғаннан кейін Азаматтық, Бюджеттік және Кәсіпкерлік кодекстерге, сондай-ақ сақтандыру қызметі, сәулет және құрылыс, Ұлттық банк туралы заңдарға және басқа да нормативтік актілерге өзгерістер енгізіледі.
Бұл түзетулер барлық мүдделі тараптардың қатысуымен “Ашық НҚА” порталында көпшілік талқылауға шығарылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!