Фото: orda.kz
Атырауда тұрғынды азаптаған полиция қызметкерлері сотталды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Атырау қаласының №2 сотында азаптау және азаптауға жәрдемдесу айыбымен 5 полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Полиция қызметкерлері А., М. және Ж. жұмыс кабинетінде қылмысты ашу, полиция бөліміне жеткізілген азамат К.-ны ұрып-соғып, тұншықтырған. Сөйтіп, жәбірленушіге тән азабын келтірген. Сол қызметтік кабинетте болған С. мен Т. азаптауды тоқтатпай, әрекетсіздік таныту арқылы азаптауға жәрдемдескен», – делінген хабарламада.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, қалалық полиция бөлімі ғимаратынан алынған бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен, сот-медициналық, сот-молекулярлық-генетикалық, сот-психологиялық-психиатриялық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелленген.
Сот сотталушылар А., М., Ж.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптау) С. мен Т.-ны 28-бабының 5-бөлігі, 146-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Азаптауға көмектесу) кінәлі деп таныды.
Сотталушыларға құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге, бас бостандығын 3 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!