Қазіргі таңда тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Сауда нарығының кеңеюі мен қызмет көрсету саласының дамуы азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауды талап етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қызылорда облысында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Есепті кезеңде Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 910-ға жуық азаматтан өтініш түскен. Өтініштер заң талаптарына сәйкес қаралып, бақылау және тексеру шаралары жүргізілген. Нәтижесінде сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Бимырзаев мәлімдеді.
– Департаменттің негізгі міндеті тұтынушылардың құқықтарын қорғау, бизнес субъектілеріне заң талаптарын түсіндіру және сауда саласына мемлекеттік бақылау жүргізу. Есепті кезеңде департамент тарапынан 59 нарық субъектісіне тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын негізсіз өсіру деректері де жіті бақылауға алынған. Бұл бағытта 196 кәсіпкерлік субъектісі тексеріліп, 129 заң бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 29 кәсіпкерге ескерту беріліп, 77 кәсіпкерге 1,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл жұмыстар бағаның негізсіз өсуінің алдын алуға бағытталған. Сонымен қатар тұтынушылардан келіп түскен өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда, электрондық сауда және қоғамдық тамақтану салаларына тиесілі. Қаралған өтініштердің нәтижесінде тұтынушылардың пайдасына 21,2 миллион теңге көлеміндегі қаражаттың қайтарылуына ықпал жасалған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерімен түсіндіру және ақпараттық-насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді, деді Нұрлыбек Шонжарұлы.
Спикердің айтуынша, тұтынушылардың өз құқықтарын білуі мен заң талаптарының сақталуы әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
