Бейсенбі, 26 желтоқсан, 19:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ту ұстап ұрандаттым, білсін деп өзгелер айбынымды

19.01.2021

7855 0

Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жараған жылқы түлігі – көшпенділердің ең қасиетті әрі ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету әсте мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені ұланғайыр даланың, ұлан байтақ өлкенің ұлы тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, салтанаты, бір сөзбен айтқанда бүкіл мәдениеті жылқымен байланысып жатады.

Әлеуметтік желілерде қазақ ұл­дарының қолына ту алып, ат үстінде жүрген бейнеролигі тарауда. Ат тұяғын дүбірлеткен маң далада ер жігіттердің көк туды желбіретіп жат­қаны жарасым тауып тұрғандай. Бұл исі қазақтың даласына рух беріп, жігерін жанып жатқандай.

Бұл Алматы облысында «Менің туым – Менің Отаным» деген атаумен өткізілген республикалық шара. Атқа мінген бір топ адам­ның ту ұстап, тас жолмен келе жат­қан бейнероликтері әлеуметтік желілерде желдей ескен еді. Онда аттылы кісілердің Алматы облысы Нарынқол, Кеген ауыл­дарынан екені айтылады. Әуес­қой видеотүсірілімнен шеруді патруль­дік полиция экипаждары бастап жүргенін байқауға болады. Ал жол­дың жиегінде жалау ұстаған халық шерушілер легін қолпаштап жүр.

Мұндай бейнероликтер есепсіз тарап жатыр. Бірақ ресми ақпарат көздерінде бұл шараның қандай мақсатта ұйымдастырылғаны айтыл­майды. Қатысушылар мұның чел­лендж екенін айтуда.

Бұл челлендж қазаққа рух бе­рері сөзсіз. «Ат – ер қанаты». Жылқыны алғаш қолға үй­ретіп, рухани тұтастықта тәрбие құралына айналдырған, «аттың жалында, түйенің қомында өскен» қазақтай жылқы қасиетін танып білген халық жоқ. Қазақты халық ретінде қалыптастыруда жылқының жан дүниемізге жасаған әсерінің жөні бөлек. Төзімді, шыдамды, көнбіс болсақ та кесіп айтатын тура­шылдығымыз тұяғымен жер тарпып, тыпыршып тұратын жылқыдан жұққан мінезімізден. «Қазақ жылқы мінездес» деген сөз содан айтылса керек.

Әлеуметтік желіде бұл челлендж­ге байланысты түрлі пікірлер жа­зылуда. Соның бірі журналист Сағындық Сәбитұлы былай депті:

– Қазақ атам – «аттан түсіп амандас, сөйлес» деуі бекер емес. Атқа мінген жігіттің арқасы қозып, рухы оянатыны шындық. Әсіресе, мынау біздің Қызылжар өңірінің аз қазағы, бар қазағы дүр сілкініп, атқа мініп, көк байрақты желбіретуі, доқ көрсеткендерге «мен бармын, бұл жердің иесі мен, атамнан қалған мұра, тоқымдай жерімді бермеймін де, бастырмаймын да, басындырмаймын да!» дегені. Сондықтан «қолыңнан бар келетіні атқа міну» деп шымшылап мысқылдап, кесірлене кекету жөн емес. Иә, біз азбыз, бірақ бармыз! Мынау теріскейдегі Шал ақын ауданының жігіттері атқа мініп, байрақты көтерген сәті. Осы жерде отырған әр қазақтың баласы үшін атадан қалған жер мирас, аманат! Жігіттер аманатқа адалмыз деп шығып отыр. Қыртып, пернетақтаны тарсылдата бергеннен гөрі, сіз де ұлтқа пайдаңызды тигізіңіз! Ал біздің азаматтардың ту көтеруі – елсүйгіштігінің белгісі, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тартуы. Алға! – деп жазды ол әлеуметтік желіге.

Бұл челлендж туралы облыстық жастар ресурстық орталығы не дейді?

– Қазақ елі жылқыны – ежелден жеті қазынаның бірі, малдың патшасы санағаны белгілі. Себебі адам үшін атқаратын қызметі өте зор. Ерекшелігіне келетін болсақ, жылқы терісінің исіне жылан жоламайды. Тазалықты сүйетін жануардың еті мен сүті ем. Лай суды ішпейді, іздеп жүріп шөптің асылын жейді. Мұның барлығы – тектіліктің белгісі. Жа­сына қарай жабағы, тай, дөнен, құнан, бесті, ат болып бөлінеді. Қазір қоғамда түрлі челленждер өткізіледі. Ал мұндай рухани тұрғыдан маңызы зор шараның жастар үшін берері мол, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Талғат Тілес.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: