Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:14

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Туған тілім – күш-қуатым, айбыным, көркім менің

17.05.2022

1388 0

Ел дегенде емірін, тіл дегенде тебірен.

Қадыр Мырза Әлі

Референдум арқылы Ата заңымыз жаңғырғалы жатқаны белгілі. Қазір ел-елді аралап жүрген халық қалаулылары мен белсенді топтар жұртшылықты ре­ферендумға қатысуға шақыруда. Жаңғыруға, жаңаруға бет алған Қазақстан үшін конституцияға өзгеріс пен толықтыру енгізу керек те шығар. Дәл осы референдумда елді толғандыратын һәм дүйім жұрт алаңдайтын екі мәселе болса, соның бірі – мемлекеттік тілдің жайы. Біздің Ата заңымызда бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол – қазақ тілі. Бұқара көпшілік ұлттық тіліміздің, бойымызға ана сүті мен ата қаны арқылы дарыған қазақ тіліміздің статусын көтеріп, орыс тілінің конституциядағы «ресми тіл» деп аталатын мәртебесін алып тастауды ұсынуда. Мұндай ұсынысты айтқандардың қатарында қазақ тілі­нің ертеңіне алаңдаған ұлт зиялылары да бар. Ана тілінің ертеңіне, ұлтының келешегіне бей-жай қарай алмайтын қазақ баласы ретінде біз де үн қосуды, пікір білдіруді, ой айтуды жөн көрдік.

Сәл шегініс жасап, тарихқа көз жіберейік. Егемендіктің есігін сығырайта ашқан тоқсаныншы жылдар. Ел ішінде сенімнен гөрі күдік басым кез. Осындай алмағайып сәтте ұлтжанды азаматтар ел келешегі үшін тарихи қадамдар жасады. XIII шақырылған Жоғарғы Кеңесте тәуелсіздік декларациясы қабылданды. «Қазақша білетін адам ғана Президент бола алады» деген ұсыныс түскен екен. Сонда Жоғарғы Кеңес депутаты болған Асқар Жұмаділдаев «Қазақ тілін еркін сөйлеп, жаза алатын адам ғана Президент бола алады» деген түзету енгізеді. Козлов деген депутат: «Неге менің балам Президент болмауы керек?» – деп қарсы дау айтқан. Асқардай дарабоз тұлға «Сіздер болдыңыздар, әлі де болмай қалмайсыздар, әуелі тұрған жеріңіздің тілін үйренетін уақыт жетті» – деп жауап берген екен.

Одан бері де отыз жылдан аса уақыт өтті. Тәуелсіздік алған жылдары өмірге келген ұрпақ бүгінде еңсе тіктеді. Бір анығы, Мемлекеттік тіл дәрежесін алған ана тіліміз өрісін кеңейтіп келеді. Тәуелсіздік алған жылдары елдегі мектептердің басым бөлігі орыс тілінде болатын. 1989 жылы 20 мың қазағы бар Петропавл қаласында тұңғыш қазақ сыныбын ашу үшін 15 оқушыны әрең жинағаны жөнінде деректер де айтылады. Бұл мәселе Тәуелсіздік алып, Қазақстан мемлекет ретінде таныла бастаған соң ғана шешімін таба бастады. Қазір елімізде 7500-ден аса күндізгі білім беретін мекеме бар. Онда үш миллионға жуық оқушы білім нәрімен сусындайды десек, соның 70 пайыздан астамы қазақ тілінде, қазақ мектебінде білім алады. Мемлекет тарапынан ана тіліміздің болашағын кемел ету үшін түрлі бағдарламалар қабылдануда. Құжат айналымы мемлекеттік тілде жүргізіліп отыр. Бұл да тәуелсіздіктің жарқын жемісінің бірі екенін айтуымыз керек. Бірақ мұның бәрі қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін аздық етеді.

Ұлттың басты белгілерінің бірі, қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін бұлжытпас айғақ, әр қазақтың тамырында ағып жатқан қанмен рухына, ана сүтімен бойына дарыған қасиетті тіл. Тіл жойылса ұлттың жойылатыны айтпаса да белгілі. Сол үшін де кеудесінде жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір қазақ баласы ұлттық тілінің болашағы үшін жанұшырады. Олай болмағанда қайтсін, атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер, өнегеге толы тәрбие беретін рухани азықтар түгелдей бойымызға ана тіліміз арқылы сіңеді. Мұның барлығын жоғалтсақ адами құндылықтардан айырыламыз айғақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақтың елінде қазақ тілінің мәртебесі бәрінен биік болуы керек.

Қазақ тілін үш бақытының біріне балаған Мұқағали Мақатаев, жырларымен тілімізді құрметтеуге, қанша елдің тілін біліп меңгерсек те ұлттық тілімізді қадірлеп, қастерлеуге шақырған Қадыр Мырза Әлі, Жұбан Молдағалиев, Фариза Оңғарсыновалардың туған тілдің төңірегіндегі тебіреністері кімді болсын бей-жай қал­дырмайды. Сөзімізді Мұхтар Шахановтай заңғар ақынның:

«Қазақ тілі – бабамыздың бабасы,

Қазақ тілі – ұлтымыздың анасы.

Ана тілсіз жойылады елдің рухи санасы,

Бір-ақ қадам ұлтсыздық пен мәңгүрттіктің арасы», – деген сөзімен қорытындылағанды жөн санадық.

Әзиз БАТЫРБЕКОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: