Бүгін облысқа ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Бауыржан Рапиков жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясын өткізіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
– Қазіргі таңда елімізде 8,4 миллион адам спортпен және дене шынықтырумен шұғылданады, ал Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 42,1 пайызды құрайды. Біздің негізгі мақсаттардың бірі – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың спортқа қолжетімділігін арттыру. Өздеріңізге белгілі, жақында Қызылорда қаласында 11 мың көрерменге арналған, УЕФА талаптарына сай, заманауи жабыны бар стадион пайдалануға берілді. Сонымен қатар, ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар, Жақсықылыш, Бесарық, Ақай ауылы мен Жалағаш кентінде спорт кешендері ашылды. Аққыр және Досбол Датқа ауылдарында ангар типтес спорттық залдар салынды. Елордада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл оқу орны тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен бірге көпсалалы спорт және ғылыми орталық болмақ. Бұдан бөлек, спорт саласын цифрландыру да басым бағыттардың бірі. Дене шынықтыру мен спорттың цифрлық платформасын (E-Sport) іске асыру аясында Министрлік пилоттық режимде негізгі жүйенің 3 модулін іске қосты. Жүйені толық енгізу 2026 жылға жоспарланып отыр,- деді Бауыржан Серікбайұлы.
– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж олимпиадасынан кейін спорт саласына өзгерістер енгізу туралы бірқатар тапсырма берген болатын. Соның аясында биыл 15 сәуірде “Дене шынықтыру және спорт туралы” Заңына қол қойып, маусым айының 15-і күні осы заң жобасы күшіне енді. Заң жобасы аясында 62 нормотивтік құқықтық актілер жасалып, оның ішінде бірқатар өзгерістер орын алды. Мәселен, бұрын спорт клубтарында легионерлер мемлекет тарапынан қаржыландырылатын болса, қазір бұл үрдіске шектеу қойылды. Сонымен қатар, спорт клубтарын қаржыландыру бойынша да лимит бекітіліп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды алып жүруге арналған адамдарға да қаржы төленетін болды. Қазіргі күні спортшыларға ай сайынғы қамсыздандыруға арналған айлық жалақы да бірізділікке түсті. Сондай-ақ, спорт мекемелерінің басшыларын тағайындау нормативтік-құқықтық актілері бекітіліп, төрт жылдан көп отырған спорт мекемелерінің басшыларын ротациялау тәртібі енгізілді,- деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!