150 жылдық тарихы бар Ақтөбе – «Қазақстанның батыс қақпасы» саналатын ең маңызды аймақ. Өңірдің тоғыз жолдың торабында орналасуы тек көлік-логистика қызметіндегі жетістікке ғана емес, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, медицина, туризм секілді салалардың да алдыңғы орынға шығуына түрткі болды. Елдегі Ресей нарығына жол ашуға мүмкіндік беретін бірден-бір төте жол да осы «батыс қақпа» арқылы жүзеге асатыны белгілі. Осы орайда экономикалық-тұрмыстық әлеуеті мығым өңірдің маңызды орталығы мен тарихи-мәдени нысандарын оқырман назарына ұсынып көрейік.
Негізінен Ақтөбе хром қоры бойынша әлемде алдыңғы қатардағы аймақ. Бұл жерде құнды элемент қоры 400 млн тоннадан асып жығылады. Мұнан өзге жер қойнауында титанның республикалық қорының 40 проценті және никельдің 55 проценті жатыр. Ал мұнайдың өнеркәсіптік қоры бойынша республикада үшінші орында тұрақтаған. Облыс аумағында көмірсутекті шикізаттың болжанған қоры 30 проценті де осы өңірде. Сондай-ақ алтын, күміс, мыс, мырыш, кобальт, каолин, фосфорит, мұнай-битум жыныстарының және құрылыс материалдарын жасауға арналған шикізаттың ірі кен орындары бар. Аймақта «Қазхром» трансұлттық компаниясы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Ақтөбе хром қосындылары зауыты», «Ақтөбебрентген», «Ақтөбе мұнай құрал-жабдықтары зауыты», «Ақтөбе металл құрастыру зауыты» секілді көлемді кәсіпорындар орналасқан. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «Өріктау Оперейтинг» ЖШС секілді мекемелер жергілікті тұрғындардың әлеуетін көтеруге күш салуда.
Халықаралық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының 628 шақырымы Ақтөбе өңірінен өтеді. Бұған қоса өткен жылы Актөбе-Атырау-Астрахань автокөлік жолын қайта жаңарту жұмысы аяқталып, Ақтаудың теңіз портына Астана арқылы шығуды қамтамасыз ететін «Орталық-Батыс» автожолы жобасы бастау алған. Сондықтан Ақтөбені көлік-логистика саласындағы маңызды өңір десек, артық емес.
Аңызға толы Ақтөбе
Аймақ орталығы – Ақтөбе қаласының іргетасы 1869 жылы қаланған. Осы жылы Патшалық Ресей әскерінің полковнигі Ю.Борх бастаған әскери отряд Елек және Қарғалы өзендерінің қосылар тұсындағы төбе үстіне болашақ бекіністің іргетасын қалаған. Осылай сұлу мекеннің тарихи жолы бастау алып, ғасыр көшіне ілеседі. Оған дейін бұл өңір Алтын Орданың ыдырау кезеңіндегі ноғайлыны билеген Ер Мамайдың жайлауы болған деген ел аузында дерек бар. Тарихи деректе мекеннің «Ақтөбе» аталуын осы төбеде Мамайдың сүйікті қызының жерленуімен байланыстырады. Ал орыс мәліметтерінде аталған аймақ Қайып хан әулетінен шыққан сұлтан-төрелердің қонысы болғанға ұқсайды.
Не де болса, Ақтөбе қазақ тарихындағы құтты қоныс болғаны белгілі. Себебі қала айналасынан қола, ерте темір дәуірлеріне жататын көне қорымдар мен қорғандар табылып, көптеген археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Мұнда Сақ-сармат, ғұн, көшпелі түркілер, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлеріне тиесілі көне қорымдар көп. Қазір қала аумағында 70-тен астам тарихи-мәдени және сәулет ескерткіші мемлекеттік қорғауға алынған. Олардың ішінде Түйетөбе мен Бекқұл әулие кесенесі «Қазақстанның киелі жерлері географиясына» енгені белгілі. Нәтижесінде бағалы жәдігерлер мен тарихи нысандар өңірдің өткені мен танымын тануға мүмкіндік берді.
Тарих беттерінде
Ақтөбе өңірі – талай батыр мен билер, ақын мен сүлейлер дүниеге келген киелі мекен. Аймақтың маңызын арттырған тарихи ескерткіштер өткен күннен белгі берер орын ғана емес, туристік әлеуетті арттыратын нысанға айналып үлгерді. Мәселен, ғасырдан астам тарихы бар «Абат-Байтақ», «Есет батыр», «Қобыланды батыр», «Хан моласы» және «Кердері Әбубәкір» мемориалдық кешендері мен «Ботагөз», «Жәлімбет», «Қызылтам», «Алмат би», «Тоқпан» кесенесі келушілерді қызықтырып, зерттеу нысанына айналып үлгерді. Сонымен қатар «Исатай Тайманұлы», «Есет Дәрібай» ескерткіші және Алмат Сардар Тобабергенұлы мен күйші Қазанғап Тілепбергенұлы мазары өңірдің мән-маңызын арттырып келеді.
Сонымен қатар облыс орталығындағы көрікті жерлер де қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлайтыны анық. Мәселен, діни тұрақтылық пен көрікті сәулетін қабыстыра білген Ақтөбе қаласының орталық мешіті мен «Нұр Ғасыр» мешіті қала келбетін айшықтай түскен болса, Әулие Николай соборы шаһар тұрғындарының өзара сыйластық пен толеранттылығының үлгісіне айналып үлгерген. Сонымен бірге «Шәкен ишан» мешіті, «Көкжар» мешіті де шертер сыры мол тарихи орын саналады.
Қала келбеті
Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбенің әсем бейнесі келбеттене түсті. Бүгінде қала шырайын келтірген «Қазақ халқына мың алғыс» тұғыры, Ғашықтар саябағы мен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев атындағы саябақ, «Келісім мен Бірлік» сулы жасыл гүлзары бөлек бітім қалыптастыра білді. Қала қонақтарына аспан астында ғана емес, түрлі мұражайлар мен мәдени нысандарды аралауға да мүмкіндік мол. Шаһардағы Ақтөбе көркемдік және декоративті-қолданбалы өнер мұражайы, Ақтөбе облыстық өнер мұражайы, Ақтөбе облыстық планетарийі – қала тарихы мен болмысын тануға септесетін маңызды мекен. Ал аймақ беделін арттырған «Жұбановтар әлемі» мұражай үйінің өзі қала тарихының қайталанбас бейнесін көз алдыңа әкеледі. Мұнда тек Жұбановтар отбасының ғана емес, Қазақстанның рухани мәдениеті мен ғылымының дамуының уақыт бедері көрініс тапқан.
Сонымен қатар жастар шығармашылығының ошағына айналған шығармашылық академиясы, түрлі қойылымдардың тұсауын кескен Т.Ахтанов атындағы драма театры уақытты тиімді өткізуге ықпал етіп, қонақтарды бейжай қалдырмайды. Ал кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Алақай» облыстық қуыршақтар театры балаларға тамаша көңіл-күй сыйлауға таптырмас орын. Театр репертуарында қазақ және орыс тілдерінде 30-дан астам спектакль жинақталған. Әлем халықтарымен қоса, қазақ халқының «Ұр, тоқпақ!», «Дала аңызы – О,Алдар!», «Тізгінді жібер және ұш…» ұлттық ертегілері тұрақты қойылып отырады.
Шаһар ескерткішке де бай. «Тілеу Батыр», «Мөңке би», «Әбілқайыр хан», «Шығанақ Берсиев» «Нұрпейіс Байғанин», «Ы.Алтынсарин», «Домбыра» ескерткіштері ақтөбеліктердің өткені мен тарихқа құрметі болса, «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш әдебиет пен өнерге тағзым екені сөзсіз. Сондай-ақ Ахмет Жұбанов атындағы мемориалдық ескерткіші, «Мәңгілік алау» және Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың мемориалдық кешені қала мақтанышына айналған.
P.S. Ақтөбе өңірі – қазақ елі үшін маңызды мекен. Экономикалық әл-қуаты, тұрмыстық деңгейі жыл санап өскен аймақ кәсіпкерлік, инвестиция саласында ыңғайлы орта қалыптастыра білген. Ақтөбе тек тарихи нысандар шеңберіндегі туризм емес, агрокешендер мен ірі кәсіпорындар арқылы да экономикалық серпіліс жасауға талпынуда. Сәні мен салтанаты келіскен киелі өңір әлі талай дамудың жаңа белесін бағындырып, келешек қаласына айналары сөзсіз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!