Мұнайдың төгілуі техногендік сипаттағы үлкен апаттарға ұласуы ықтимал. Мұндай мәліметтер Ашық НҚА порталында жарияланған Қазақстанда сейсмология саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мұнай мен газды өндіру литосфераның жоғарғы қабатын зақымдайды. Нәтижесінде ол тұрақсыз күйге түседі де, кейін түрлі техногендік апаттар, жер сілкіністері болады. Қазақстанның батыс өңірлерінің сейсмикалық жағдайы жеткіліксіз дәрежеде зерттелген. Сондықтан мұнайдың төгілуін болдырмау, оның алдын алу мақсатына зерттеу жүргізу қажет», – делінген кешенді жоспарда.
Құзырлы ведомство уақтылы әрі дәл сейсмикалық болжам жасау үшін тиісті деңгейде инфрақұрылымды дамытуды және жаңа технологияларды енгізуді ұсынады.
«Сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін сейсмология саласын дамыту, құрылыстардың сейсмикалық төзімділігін анықтау және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу қажет. Мұнымен қатар, білікті кадрларды даярлау процесін сапалы жаңа деңгейге көтеру маңызды», – деп бастама көтерген Төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомство дерегінше, еліміздегі сейсмикалық қауіп жоғары өңірлерде 7 миллионнан астам адам тұрады және онда отандық өнеркәсіп әлеуетінің 50% шоғырланған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!