Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2026–2030 жылдарға арналған бокс дамуының тұжырымдамасы бекітілді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сала үшін стратегиялық маңызы бар бұл құжаттың негізгі мақсаттары – бокспен айналысатын азаматтар санын арттыру, спортшыларды даярлау сапасын жақсарту және қазақстандық боксшылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін күшейту.
Тұжырымдама 6 негізгі бөлімнен тұрады және саланың барлық даму бағыттарын қамтиды.
Соның ішінде 5 басым бағыт айқындалған:
- бокс инфрақұрылымын дамыту;
- бұқаралықты кеңейту және спорттық резерв қалыптастыру;
- ғылыми-әдістемелік және медициналық қамтамасыз етуді жетілдіру;
- жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру;
- халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту.
Қойылған міндеттерді іске асыру тетігі 31 іс-шараны қамтитын бекітілген кешенді жоспар арқылы айқындалған. Бұл шаралар саланың өзекті мәселелерін жүйелі шешуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 153 мыңнан астам адам бокспен айналысады, олармен еліміздің барлық 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы жұмыс істейді.
Ұлттық құрама сапында негізгі, жастар, жасөспірімдер және кіші жасөспірімдер құрамдарын қоса алғанда 595 спортшы бар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 39 мыңнан астам бала балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде бокспен шұғылданады, олармен 1385 жаттықтырушы жұмыс істейді.
2030 жылға қарай бокспен айналысатындар санын арттыру, даярлау жүйесінің тиімділігін күшейту және қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі позициясын нығайту жоспарланып отыр.
Құжатты әзірлеушілердің пікірінше, тұжырымдаманы іске асыру саланың жүйелі дамуына жаңа серпін беріп, отандық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға және елдің халықаралық беделін нығайтуға маңызды үлес қосады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
