Жұма, 27 желтоқсан, 04:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үкімет отырысында «Әлеуметтік әмиян» жобасы талқыланды

24.11.2024

320 0

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Әлеуметтік әмиян» жобасын іске асыру, мектепке дейінгі ұйымдардағы дербестендірілген ваучерлік қаржыландыру, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау, медициналық көмектегі төлемнің бірыңғай жүйесі, бюджетті жоспарлау мен қаржыландырудың кешенді автоматтандырылған жүйесіне қатысты мәселелер қаралды. Жиынға жауапты министрліктер қатысып, өңір әкімдіктері онлайн байланыс арқылы қосылды.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен арнайы жиында талқыланған мәселелер бойынша тапсырмалар берілді.

«Мемлекет басшысы бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған отбасы балаларына мемлекет есебінен тегін ыстық тамақ беруді, мектеп асханаларындағы тамақ сапасын қадағалауды міндеттеді. Осы ретте санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуын қатаң бақылау, оқушыларды сапасы күмәнді, арзан азық-түлікпен тамақтандырмау, тағамдардың бала ағзасын барлық қажетті дәруменмен қамтамасыз етуін назарда ұстау керек. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан мектепте берілетін ыстық тамақтың сапасын тұрақты бақылауды тапсырамын.

«Әлеуметтік әмиян» жобасы бойынша тиісті шараларды қабылдап, мектептердің қосылуын қамтамасыз етіңіздер. Ата-аналар мен кәсіпкерлер арасында кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіздер.
Меншік нысанына қарамастан, медициналық ұйымдарда әлеуметтік- медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын дәрілік заттар таңбалануы тиіс. Дәрілік заттардың дұрыс және уақытылы таңбалануын қадағалаңыздар. Емдеу ұйымдарында дәрі-дәрмекке берілетін сұранысты уақытылы қаржыландырыңыздар», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кетейік, өңірде «Әлеуметтік әмиян» жобасын енгізуге арналған арнайы жол картасы бекітілді. Биыл облыстағы оқушы мен қызметкер саны 700-ден асатын және аудан, қала орталықтарында орналасқан 87 мектепке аппараттық- бағдарламалық кешен орнатуға 119,2 млн. теңге бөлініп, «Транстелеком» мекемесі жүзеге асыруда. Облыстың 298 мектебінде балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылған. Тегін тамақпен қамтылған бала саны – 89 572, ол жалпы бала санының 52,2 пайызын құрайды.

Бастауыш сыныптар 100 пайыз қамтылған.
Тегін дәрі-дәрмекті босатуда мемлекеттік және жеке емханалар таңбалау штрих-код сканері, деректерді жинақтау терминалы және планшет құралдарымен қамтылған. Қазіргі таңда, 27 медициналық ұйымда «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында жалпы саны 25 530 рецепт жазылып босатылған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: