Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде электрондық сауданы дамыту, Харбин қаласындағы IХ қысқы Азия ойындарына дайындық, Үкімет қаулыларының жобалары қаралды. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Жергілікті кәсіпкерлерді электронды сауда негіздеріне оқыту жұмыстарын ұйымдастырыңыздар. Электронды саудадағы экспорт көлемін арттыру мақсатында бұл саладағы кәсіпорындардың интернет маркетплейстарға тіркелуіне көмек беріп, тиісті жұмыстарды жүргізіңіздер. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында электронды саудадағы тауар сапасына аса мән беріп, дер кезінде қажетті шараларды қабылдаңыздар. 2025 жылғы 7 ақпан – 14 наурыз аралығында Қытайдың Харбин қаласында тоғызыншы Қысқы Азия ойындары өтеді. Жарысқа мемлекетімізден 139 спортшы қатысып, ел намысын қорғайтын болады. Дене шынықтыру және спорт басқармасы, қысқы спорт түрлерін дамыту бойынша нақты шаралар қабылдап, осы бағытта қызмет көрсетететін спорт мектептерінің санын арттыру қажет. Жұмыстарды күшейтіп «Мұз айдыны» спорт кешенінің, өңірдегі спорт мектептерінің әлеуеттерін барынша пайдалануымыз керек»,- деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, өңірде тауарлар мен қызметтерді өткізу үшін интернет-ресурсты пайдаланатын 10 кәсіпорын тіркелген.Аталған кәсіпорындармен 2023 жылы 18 мыңнан аса тапсырыс жасалып, сауда айналымы 281 млн. теңгені құрады. Тапсырыстарды сақтау мен жеткізу бағытында аймақта «Қазпошта» желісінің 11 супермаркеті және өзгеде интернет дүкендердің тарату пунктері жұмыс жасайды. Қазіргі таңда тауар өндірушілер электронды портал арқылы өз өнімдерін сатуда.
Облыста барлығы 14 822 спорттық секцияда 342 223 адам, оның ішінде қысқы спорт түрлері бойынша 14 секцияда 153 спортшы спортпен шұғылданады. Спорт түрлеріне облыстық бюджеттен барлығы 1 млрд 869 млн. теңге бөлінсе, соның ішінде қысқы спорт түрлеріне 51 млн. 476 мың теңге қаржы бөлінген. Аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты «Мұз айдыны» спорт кешенінде қысқы спорттың 3 түрі бойынша үйірмелер жұмыс жасайды.
Бүгінгі таңда республикалық чемпионаттарда орын алып жүрген 4 спортшымыз бар. Оның екеуі шорт-тректен кіші жасөспірімдер арасында болса, екеуі мәнерлеп сырғанаудан. Өңірде барлығы 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жасаса, оның ішінде 1 спорт мектебінде қысқы спорт түрлерінен қызмет көрсетіледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!