Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталып, инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президенттің пікірінше, ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.
«Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек екенін айтылды. Айта кетейік, қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр.
Бұл ретте Президент Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!