Жұма, 27 желтоқсан, 11:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үлкенін құрметтегеннің көсегесі көгереді

25.08.2021

1187 0

Ардагерлер – қоғамның алтын тұғыры. Олардың кеудесі – алтын сандық, ойы – қазына, сөзі – шежіре. Бұл тарих айқындаған өмір шындығы.

Сейсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында қалалық ардагерлер кеңесінің ХІІІ конференциясы өтті. Конференцияға қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күлай Ермағанбетова, қалалық,мекемелер мен кәсіпорын басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде қалалықардагерлер ұйымының пленум мүшелерін сайлау және облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті VІII конференциясына делегаттар сайлау сынды басқа да мәселелер көтерілді. Еліміздегі санитарлық – эпидемиологиялық жағдайға байланысты конференция онлайн режимінде өткізіліп, ZOOM байланысы арқылы 120 делегатың 112-сі 13 жерде тікелей эфир арқылы қатысты.

         – Бұл жиынның жөні де, жоралғысы да бөлек. Өйткені мұнда қазыналы қариялардың ортақ уәжі айтылып, алдағы атқарылар шаруалары келісілді. Бұл қарттардың қайсыбірі болсын қоғамға, елге еңбегі сіңген тұлғалар. Сондықтан олардың ұрпаққа айтар кеңестерінің мазмұны зор, – дейді пленум мүшесі, «Сыр Медиа» ЖШС ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжалы Ерімбетов.

Жиын барысында ардагерлерге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау, көрсетіліп отырған қамқорлық туралы жан-жақты айтылды. Сондай-ақ қоғамдағы түйіткілді мәселерлер де қазыналы қариялардың назарынан тыс қалмады. Мәжіліс мінберіне шығып сөз алған ардагерлердің бірі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанов, қалалық оқу бөлімі ардагерлер ұйымының төрағасы Мылтықбай Баймбетов, Тасбөгет кенті ардагерлер ұйымының төрағасы Рамазан Молдашев тұшымды пікірлерін білдіріп, ұрпаққа үлгі боларлық орамды ойларымен бөлісті.

       Конференцияда сөз алған қалалық мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықожаев айтылған ұсыныс пікірлер ескеріліп, оның орындалуы өз бақылауында болатынын жеткізді.

– Бүгінгі таңда қаламызда­­­­­­­ 30306 зейнеткерке мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілуде. Оның ішінде 5 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1151 тыл ардагері, ауған соғысының, семей атом – сынақ полигонының ардагерлері және чернобыль атом станциясы апатына қатысушы ардагерлерлер бар. Қала аумағында 222 бастауыш ардагерлер ұйымы құрылып, оған кезіндегі өз саласын жетік меңгерген мамандары жетекшілікке сайланды. Бастауыш ұйым жетекшілерінің 179-ы жетпіс жасқа дейінгілер  және 105-і әйелдер. Осылардың  барлығы қоғамдық негізде жұмыс атқаруда.       Біздің басты мақсатымыз – ардагерлердің қоғам алдындағы атқарған қызметтеріне лайықты бағасын беру. Сондай-ақ оларға материалдық – моральдық қолдау көрсету, қаланың жол қатынастарына қатысты жеңілдіктерді пайдалануға қол жеткізу осы тарапта тиісті басшылық алдына мәселе көтеріп, оның орындалуын қадағалаудамыз. Қаламыздың экономикасы мен мәдениетінің дамуына айырықша еңбегі сіңген 77 ардагер облыс, қала әкімінің қабылдауында болып, арнайы құрмет көрсетілді, 127 ардагер қала әкімінің, қалалық ардагерлер кеңесінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды. 245 ардагер қаламыздың  200 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды. Мерекелік шараларға 3925 адам шақырылып, 516 ардагерге қаржылай көмек көрсетілді. Елдегі пандемия жағдайына қарамастан тұрмысы төмен ардагерлерге, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, тыл ардагерлеріне республикалық «Самұрық қазына» қорының қолдауымен 300-ге жуық ардагерге сый–сияпаттар жасалды. Қала әкімінің қолдауымен 126 ардагер тыл ардагері қатарына қосылып, мемлекеттік қолдауға ие болды. Қала тұрғындарына 70 жасқа толған ардагерлерге 50 пайыздық мөлшерінде жолаушылар көлігінде жүруге жеңілдіктер жасалды. Ардагер ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі – елдің ауызбіршілігі мен ынтымақ–бірлігін сақтау. Осы мақсатта ардагерлер тарапынан халық арасындағы бірлікті қалыптастыруға айрықша көңіл бөлініп келеді. Қала ардагерлері көптеген іс шараларға белсенді қатысып, өздерінің өмірілік тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтып келеді. Алдағы уақытта да осы мақсаттағы жүйелі жұмыстар жасала бермек, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев.

Иә, расымен, қазыналы қарияларға көрсетілер құрмет түгесілмеуі керек. Өйткені олардың елдің өсіп өркендеуі жолында жасаған жұмыстары ұшан-теңіз. Ұлтқа ұран, ұрпаққа үлгі тұстарын қастер тұтып, ғұмырларынан ғибрат алу біздің борышымыз.

Жыл сайын ардагерлердің басын біріктіріп, Сыр бойының қасиетті, киелі орындарына, Арыстанбаб әулие мен Қожа Ахмет Яссауидің кесенесіне зиярат етіп, қаланың көркем жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылып тұрады. Қазақстан Республикасының Өзбек еліндегі күндері аясында Ташкент, Бұхара, Самарханд қалаларында және өзіміздің киелі жерлеріміздің бірі Маңғыстау өлкесінде, «Бекет ата» әулиелік орындарында болып, Каспий жағалауында қысқа мерзімді саяхаттар ұйымдастырылғаны үлкендерге жасалған жақсылықтардың бір парасы ғана. Ардагерлерді қолдауға бағытталған шаралар одан әрі жалғасын таба беретініне жиын барысында көз жеткізгендейміз.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: