Қарағанды облысында жан түршігерлік апаттан үш адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағанды облысында 27 тамыз күні сағат 18:30 шамасында үш адам қаза тапқан жол апаты орын алды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша апат Қарағанды – Аягөз – Бұғаз тас жолында Қарқаралы қаласынан 20 шақырым жерде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz көлігінің 35 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай қалған. Рульді басқарып, қарсы жолаққа шығып кетіп, 45 жастағы жүргізуші басқарған Toyota Land Cruiser 100 көлігімен соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал Toyota Land Cruiser 100 жүргізушісі мен екі жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тергеу жүргізілуде», – делінген хабарламада.
Апаттың басты себебі жылдамдықты шектен асырып, қарсы жолаққа шығып кету екені атап өтілді.
Полицейлер баршаны жол ережесін қатаң сақтауға және көлік жүргізу кезінде сақ болуға шақырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!