Алматыдағы жер сілкінісі кезінде азаматтар дер кезінде ақпарат пен нақты іс-қимыл алгоритмінің жоқтығынан дүрбелеңге түсті. Премьер-министр Әлихан Смайылов жер сілкінісінен зардап шеккендер барын және ескерту жүйелері дер кезінде қосылмағынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Көріп отырғанымыздай, оқиғаға төтенше жағдайлар министрлігінен бастап әкімдік және басқа да мемлекеттік органдарға дейін барлық қызметтер болған жағдайға ден қойып, жедел әрекет ете білді. Қуанышқа орай, адам шығыны болған жоқ, бірақ зардап шеккендер бар. Олар екінші және үшінші қабаттан секіріп, ойланбай әрекет етудің салдарынан зардап шекті. Бұл халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарламалар жіберу үшін ескерту жүйелерін уақтылы қосу қажет екенін көрсетеді»,- деді Смайылов.
Премьер-министр мұндай жағдайларда азаматтардың әрекеттерінің реттілігі туралы нақты хабарлау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, тұрғындар іс-әрекет алгоритмін іс жүзінде білуі үшін барлық жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда жаттығуларды мүмкіндігінше жиі өткізу қажет.
Кезекті жиынында Смайылов жер сілкінісіне әкімдіктер мен мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.
“Бірінші, облыстық әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп осындай төтенше жағдайларды жою және алдын алу жөніндегі іс-қимыл жоспарларын түзетуі тиіс. Екінші, жақын арада жедел ден қою үшін басқару органдары мен жауапты тұлғаларының басқару пункттеріндегі кезекшілігі енгізілсін. Бұл барлық маңызды ұйымдарға қатысты. Ол үшін жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда азаматтық қорғау жүйесін жоғары дайындыққа әзірлеу керек. Үшінші, денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы әкімдігі зардап шеккендерді емдеуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдасын. ТЖМ қызметтері жағдайды тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Қажетті қызметтер, соның ішінде жер сілкінісінің эпицентрлері орналасқан көрші мемлекеттер арасында нақты өзара іс-қимыл жасау, -деді үкімет басшысы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!