Бейсенбі, 26 желтоқсан, 20:37

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Үздік кәсіпкерлер анықталды

16.07.2022

1035 0

Қазіргі таңда қай елде де экономикалық ахуал мәз емес. Әйткенмен жергілікті кәсіпкерлер қол қусырып отырған жоқ. Мүмкіндігінше әр кәсіп иесі өз ісін дөңгелентіп келеді. Біз бұл көріністі кәсіпкерлер арасында өткен көрмеден байқадық.

Қаламыздағы «Бизнеске ар­налған Үкімет» ғимаратында «Қазақстанның үздік тауа­ры-­2022» өңірлік көрме-бай­қауы өтті. Оған 60-тан астам жергілікті тауар өндіруші қатыс­ты. Шараны об­лыстық кәсіп­керлік және туризм басқармасы мен кәсіпкерлер па­латасы ұйымдастырды.

Көрмеге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Кәсіп­керлер палатасы өңірлік кеңе­сінің мүшелері, қар­жы инс­титуттарының өкілдері мен аймақ кәсіпкерлері, сондай-ақ облыс тұрғындары қатысты. Атап өткен жөн, ел нарығын жоғары, сапалы және бәсекеге қа­білетті өніммен толықтыруға жәрдемдесу, кәсіпкерлердің отан­дық өнімнің сапасын арт­тыруға бағытталған қызметін жан­дандыруға ынталандыру мақ­сатында Президенттің Жар­лығымен 2006 жылдан бастап елімізде жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы өткізіліп келеді.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы үш номинация бойынша өтті. Олар: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар»; «Ха­лық тұтынатын үздік тауарлар»; «Үздік азық-түлік тауарлары». Өңірлік көрме-байқаудың 9 жеңім­пазы (әр номинацияда үш жеңім­паздан) республикалық конкурсқа қатысады.

Байқау қорытындысымен «Өн­дірістік мақсаттағы үздік тауар­лар» номинациясы бойынша це­мент өнімдерін шығаратын «Ком­пания Гежуба Шиели Це­мент» ЖШС, мұнай өндірісіне арналған қондырғылар шығаратын «Новомет-Казахстан» ЖШС, по­ливинилхлорид және төменгі қы­сымды полиэтилен құбырларын шығаратын «Казахстанская Неф­техимическая Компания Ке­микал» ЖШС Қызылорда фи­лиалы, ал «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша ұлттық киімдер тігумен айналысатын жеке кәсіпкер «Aiman Abdi», құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын «ВЕГА-Пром» ЖШС, жиһаз дайындайтын «Алис трейд Казахстан» ЖШС иеленсе, «Үздік азық-түлік тауар­лары» номинациясы бойынша өңделген ет, сүт, көкөніс өнім­дерін шығаратын «Аруана Агро­лидер» ЖШС, күріш және күріш өнімдерін өндіретін «Асыл дән LTD» ЖШС, өнделген балық және балық өнімдерін өндіретін «Қарашалаң Сервистік Дайындау Орталығы» ЖШС ие болды.

Сондай-ақ шара аясында ба­лалар жылына орай жеңіл өнер­кәсіп саласындағы жергілікті тауар өндірушілердің, жеке кәсіп­­­кер «Aiman Abdi»-дің қазақи нақыштағы балаларға арнал­ған киім үлгілерінен, жеке кәсіпкер Цой Светлананың бал­ғындарға арнайы тігілген кеш­кі көйлектер топтамасынан, «DALATEX» ЖШС «Мектеп фор­­масы» топта­масынан дефиле көр­­сетті. Оған қоса отандық өнім өн­­діріп, облыста кәсіпкерлік сала­сының дамуына қосқан үлесі және өңірлік көрме-байқауына қатысып, белсенділік танытқан кәсіпкерлер арнайы алғыс хатпен ма­рапатталды.

Сонымен бірге көрме-байқау­да кәсіпкерлер бизнестің әлеумет­тік жауапкершілігі аясында шағын бизнес өкілдеріне демеушілік көр­­сету жөнінде бастама көтерді. Осы­лайша сараптамалық топтың ұсы­нысымен көрме-байқауға жо­­ғары дайындықпен келген 9 кәсіп­кер арнайы сыйлықтарға ие болды.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: