Бүгін ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мәдениет, спорт, дін, бұқаралық ақпарат құралдары саласында қажырлы еңбек етіп жүрген үздіктерге «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі табысталды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысып, ұлық мерекемен құттықтады.
– Елдік пен еркіндіктің бастауы болып табылатын осы салтанатты күні Сіздерге игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Елбасы айтқандай: «Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек». Қазақстанның тұрақты дамуы мен кемелденуі жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын! Ынтымақты – ұран, татулықты – ту еткен қазақ елінің абыройы арта берсін,-деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.
Шарада мерекелік медаль бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы, айтыскер, ақын Серік Ыдырысов, Сыр журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар бірқатар қаламгерлер және басқарма басшыларына табысталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!