Сурет: tilalemi.kz
Қазір елімізде төл тілімізге мәртебе беру туралы мәселе көп айтылып та, жазылып та жүр. Аймақтағы тіл жанашырлары қаладағы сауда орындары, дүкендер, мейрамханадағы ас мәзірінің атауларына дейін қазақшаға аударуға атсалысып келеді. Бұл мәселеде отандастарымыздың өзінде жауапкершілік болмаса бәрі бекер.
Соңғы кезде әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген тілге қатысты пікірлерді, тіл жанашырларының туған тіл үшін шырқыраған үндерін естіп жүрегіміз тебіреніп кетті. Шынында, ана тілі исі қазақтың жүрегінде, буырқанған қанында намыс болып оянбаса, сырттан түрткенмен, ол пендеге әсер етпейтін секілді. Жуырда әлеуметтік желідегі «қаланың сол жағалауынан баламызды орысша оқытатын мектеп болмай ма?» деген қазақ азаматтарының жан дауысы шығып жатқанын оқыдым. Өкпелері қара қазандай, ашулы өздері. Өзге ұлт өзеуреп жатқан жоқ. Өзіміздің ағайындар балаларының тілін орысша сындырмақ.
Иә, қазір ашықтық, еркіндік, кім қайда білім алса да өз еркі. Бірақ сол баласын орыс сыныбына берейін деп жатқан ата-аналар ең болмаса өз отбасында балаларын ұлттық тәрбиеге бейімдеп, дастархан үстінде олармен ана тілінде сөйлесе ме екен? «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген. Туған тілге деген құрмет неге әр қазақтың жүрек түкпірінде менмұндалап тұрмайды? Мен соған ашынамын.
«Өз-өзіңді жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін» деген сөздің түп-төркінінде «өз ұлтыңды, оның игілігін, атадан қалған аманатты, тілді, дінді, салт-дәстүрді дәріптесең, сені өзге ұлт өкілдері де құрметтейді, өз қадіріңді өзің қашырма» деген ұғымға саяды.
Ана тілінің болашағы үшін санаулы адамның ғана емес, барша қазақтың қабырғасы қайысып, көзі көріп тұрған дөрекілікке жол бермеуі керек. Тегеурінді тілің, айбынды отаның, тәуелсіз елің болмаса сен кімсің? Ұлттың ұлық ақыны, өз кезеңінің дүлдүлі Қадыр Мырзалиев ағамыз «Адамның аузына бір емес, бірнеше тіл сияды. Ал ана тілің сыймаса, онда қазақ болмай-ақ қой» деп ашына айтқаны ойға оралады осындайда.
Өз тіліміздің өркенін өсіру үшін бәріміз оның болашағына жанашыр болуымыз керек. Әлеуметтік желідегі осы тіл төңірегіндегі ойлы азаматтардың жазбасын көзім шалып қалды. Белгілі айтыскер Дәулеткерей Кәпұлы фейсбук парақшасында мынадай жазба қалдырды: «Қалалық 4 ауруханаға келсем, кезек күткен қарагөздер! Толтыратын бланк сол қалпы орысша! Бұл не сұмдық?» деп ол қазақша бланк талап еткен. Міне, тіл үшін баршамыз осылай шырылдап, безектесек тілдің келешегіне келер қасіреттен құтылар едік. Адамда осындай азаматтық ұстаным болса, ұлтымыздың айбары артады, тілдің мәртебесі өседі. Қатты айтпасақ та салмақты сөзбен түсіндіріп, «теріс қарай жүретіндерді» бері қаратсақ, бабалар аманатына адал болар едік. Себебі жаугершілік заманда да көшпелі тұрмыстағы ата-бабаларымыз ауыз әдебиеті үлгісіндегі талай таңғажайып туындыны өмірге әкеліп, оны бағзы заман қойнауынан бізге жеткізген. Осыны естен шығармайық. Түптеп келгенде ана тіліміз – ұлттың айбары.
Г. АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!