Жұма, 22 қараша, 21:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлт болашағы үшін ұтымды жоба

28.09.2021

1022 0

Елімізде ауылға жоғары білім алған тапшы мамандарды жіберу үрдісінің қолға алынғанына да біраз уақыт болды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша атқарылған нәтижелі іс аз емес. Бұл бағдарлама – жас мамандарға берілген жаңа мүмкіндік. Бағдарламаның басты

мақсаты – ауыл-аймақты қажетті әлеуметтік, техникалық мамандармен қамтамасыз ету. «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы

2009-2014 жылдары қолға алынып, жылдан-жылға жаңғырып келеді. Жас мамандарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтерме ақысы төленіп, баспана алуына жеңілдетілген несие беріледі.

Бүгінде бағдарламаның бір реттік көтерме жәрдемақы қаржысы 100 айлық есептік көрсеткішті (1 маманға 291 700 теңге) құрайды. Ал тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін бюджеттік несие 1500 айлық есептік көрсеткішті (1 маманға 4375500 теңге) құрайды. Мамандар үшiн тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттiк несие он бес жыл мерзiмге берiледi.

«Дипломмен ауылға» жобасында жас түлектерге жүктелер үміт – үлкен, сенім – мол. Оның үдесінен шығу, үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: «Қазір жұмысты қаладан емес, ауылдан іздеу керек. Бізді асырайтын – ауыл. Ауылда жұмыс болу үшін, қаланы асырай алуы үшін жеке шаруаларды, ауыл тұрғындарын, шағын шаруа қожалықтарын қайта қауымдастырып, біріктіру қажет» – деп айтқан болатын.

Қазіргі кезде бұл бағдарламаға ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген әрбір денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жас мамандар қатыса алады.

– Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округ пен кенттерге жұмыс істеуге барған мамандар саны жылдан-жылға артып келеді. Бүгінге дейін барлығы 838 жас маман жұмыспен қамтылып, бірінші көтерме жәрдемақы алды. Ал оның ішінде 280 жас баспаналы болды. Бағдарлама жүзеге асқалы мемлекеттен көтерме жәрдемақыға 155 млн 686 мын теңге, тұрғын үй алуға 946 млн 665 мың теңге бюджеттік несие берілді. Биыл облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының қаржылық жоспарына сәйкес көтерме жәрдемақы үшін 110 маманға бөлінген қаржыны сәуір-қазан айларында игеру жоспарланды. Қазіргі кезде көтерме жәрдемақы бойынша бөлінген қаражат толықтай игерілді. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие бойынша 34 маманға қаржы берілді. «Дипломмен ауылға» бағдарламасына 2020 жылы біршама өзгерістер енгізілді. Мәселен, тұрғын үйді жақын туыстарынан, оның ішінде жұбайынан, ата-анасынан, ағайын-туысынан сатып ала алмайды. Сонымен қатар соңғы екі жылда несие тарихы бұзылған мамандар бұл бағдарлама арқылы несие ала алмайды, – деді қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жадыра Есмағамбетова.

Ауыл өркендесе, еліміз көркейеді. Жастардың ертеңіне жарқын жол ашатын бұл бастама еңбек жолын ауылдан бастаған жас мамандарға мемлекет тарапынан берілген үлкен көмек.

Ұлт болашағы үшін ұтымды жоба

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – бұл бағдарлама игілігін көріп отырған, ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп жүрген Айдана Өтетілеуқызы. Ол 1990 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қаладағы №222 Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің түлегі. Айдана 2011 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінде математика мамандығы бойынша білім алып шықты. Сол жылы қалаға қарасты Қызылжарма ауылдық округінің №144 С.Әлжіков атындағы орта мектепке жұмысқа орналасқан. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2012 жылы бірінші берілетін көтерме қаржыны алып, 2013 жылы үй алу үшін 2 млн 600 мың теңге қаржылай несиеге қол жеткізді. Бүгінде өз өмір жолын айқындап, мемлекет тарапынан баспаналы болып, басқа жастарға үлгі болып келеді.

– Қолына дипломын алған жас маманнан қызметке тұру үшін қай жер болмасын еңбек өтілін сұрайды. Оқуын енді бітірген жаста еңбек өтілі қайдан болсын? Міне, осы мақсатта бірнеше жылдан бері елімізде қолға алған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы өз жемісін беріп келеді. Жоба аясында жас мамандар жұмысқа орналасып, үй алып, жағдайын түзеуде. Еліміздің болашағына өз үлестерін қосып, адал еңбек етуде. Жас болсам да ата-анама салмақ салмай, үйлі болып, ел қатарлы өмір сүріп келемін. Бұл біз үшін, біздің жас отбасымыз үшін үлкен жетістік. Бүгінде Қызылжарма ауылдық округінің тұрғылықты тұрғынымын. Мектепте жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 10 жыл толады. Әрі қарай да бұл білім ошағында жұмысымды жалғастырамын, – деді Айдана Өтетілеу.

Бүгінгі кейіпкеріміздің жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, А.Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» байқауының жеңімпазы. Сондай-ақ облыстық «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Жас та болса шәкірт тәрбиелеп жүрген Айдананың оқушылары да түрлі байқаулардан жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: