Қазақстан Ұлттық банкі жалған құжаттарды пайдалана отырып жасалатын, яғни теріс пиғылды адамдардың өз «өкілеттіктерін» растау үшін «ресми бланкілердің» немесе «қызметтік куәліктердің» жалған түрлерін пайдаланатын алаяқтық жағдайларының жиілеп кеткенін ескертеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Теріс пиғылды адамдар ақшалай қаражатты жымқыру мақсатында мессенджерлер (WhatsApp немесе Telegram) арқылы азаматтарға қоңырау шалып, өздерін Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Бұған қоса, профилінің шынайы екеніне адамдарды сендіру үшін мессенджерде ведомстволардың ресми ресурстарындағы суреттер мен эмблемаларды пайдаланады, «ресми бланкілердегі» жалған құжаттарды, ашық дерек көздерінен алынған бірінші басшылардың мөрлері мен қолдары қойылған анықтамаларды, қызметтік куәліктерді жібереді.
Қаскөйлер жалған құжаттарды, эмоцияларды пайдаланып, алдау және психологиялық қысым көрсету арқылы азаматтардың сеніміне кіріп, асығыс жағдай тудырады, содан кейін белгісіз біреулердің кредит ресімдегелі жатқаны немесе қазіргі уақытта ресімдейтіні туралы хабарлайды. Сонымен қатар, алаяқтықтың алдын алуға немесе «ескі кредиттерді есептен шығаруға көмектесуді сылтаурата отырып, алданып қалған азаматтарға микрокредиттер немесе қарыздар ресімдейді. Бұл мақсатта теріс пиғылды адамдар мемлекеттік порталдардан не екінші деңгейдегі банктерден келіп түскен СМС-кодтарды сұратады.
Теріс пиғылды адамдар өздерін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, жалған хаттар жібереді, хаттарда жіберушінің шет тіліндегі құжаттарды салуына байланысты оның атына ақша аударуды тоқтата тұратыны туралы хабарлайды және олар осы «аударылатын ақшаны» алу үшін құжаттардың ресми аудару ақысын төлеуді ұсынады, ақша аударылғаннан кейін кері қайтарылады деп сендіреді.
Осы айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық банк азаматтарды қырағы болуға, белгісіз тұлғалардан келіп түскен құжаттарды және қоңырауларды тексеруге, СМС-кодтарды, жеке және дербес деректерді жібермеуге, сондай-ақ үшінші тұлғаларға ақша аудармауға шақырады.
Ұлттық банк қызметкерлері аудио және бейнеқоңыраулар шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорлары мен қаржы өнімдеріне қаржылық салым салуды ұсынбайтынын, ақшалай қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу жүргізбейтінін еске салды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
