Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Kaspi Bank таныстырған жаңа алақан арқылы төлем жасау технологиясына байланысты пікір айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Ұлттық банкке бұл жобаға қатысты ешқандай ресми арыз немесе өтініш түскен жоқ.
Егер “Алақан” деп аталатын стартап өз авторлық құқығы бұзылды деп санаса, ол сотқа жүгінуге құқылы. Бізге ешқандай өтініш келіп түскен жоқ, – деді Шолпанқұлов.
Кей азаматтардың биометриялық деректердің қауіпсіздігіне алаңдаушылығына байланысты да мәселені түсіндірді. Сөзінше, бұл қызмет тек клиенттің келісімімен жүзеге асады.
Егер клиент өз алақанын пайдаланғысы келмесе, бұрынғыдай картамен немесе QR-код арқылы төлем жасай алады, – деп атап өтті.
Ұлттық банк өкілі Kaspi Bank-тің жаңа шешімін инновацияның дамуы ретінде бағалады.
Бұл – технологиялық прогресс. Мұндай жаңа ұсыныстар әрдайым пайда болады. Бірақ бастысы – тұтынушының таңдауы. Кімге ыңғайлы болса, сол тәсілді қолданады, – деді ол.
Шолпанқұлов сондай-ақ бірыңғай QR-код жүйесінің сақталатынын да айтты.
Kaspi жаңа технология енгізгенімен, бұл біртұтас QR жүйесінен бас тарту дегенді білдірмейді. Біз клиентке ыңғайлы экожүйе қалыптастырып жатырмыз. Карта, QR, алақан немесе басқа биометриялық шешім – бәрі тұтынушы еркіне байланысты, – деп айтты Ұлттық банк өкілі өз сөзінде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
