Ашық дереккөздерде «Банктер мен банктер қызметі туралы заңның» толық мәтіні жарияланды. Заңның алғашқы баптарының бірінде елде банк ашудың талаптары бекітілген, – деп хабарлайды kursiv.media
Заңның жетінші бабында банктердің құқықтық мәртебесі бекітілген. Онда Қазақстанда банк құру – тек акционерлік қоғам ашумен шектелмейтін, қатаң заңдық талаптарға бағынатын күрделі процес екені жазылған. Банктің ресми мәртебесі уәкілетті органның рұқсатын алып, Азаматтарға арналған үкімет арқылы мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ғана айқындалады. Сонымен қатар банк қызметін іске асыру үшін міндетті түрде лицензия қажет.
Заңнамада банктің атауына қатысты да нақты шектеулер бар. Мәселен, банк ашқысы келетін дәулетті азаматтар ол атауда міндетті түрде «банк» сөзін қолдануы тиіс. Алайда «ұлттық», «орталық», «мемлекеттік», «республикалық» сияқты сөздерді қолдануға тыйым салынады. Сондай-ақ бұрын тіркелген банктердің атауымен шатастыруы мүмкін сөздер мен белгілерді пайдалануға жол берілмейді. Бұл талаптар қаржы нарығында адастыруды болдырмау және әділ бәсекені қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Банк орналасқан жер ретінде оның басқармасының пошталық мекенжайы танылады. Ал атауы немесе орналасқан жері өзгерген жағдайда, банк 14 күн ішінде бұл туралы уәкілетті органды ресми түрде хабардар етуге міндетті. Осы нормалар заңнамада «банк жүйесіндегі ашықтық пен институционалдық тәртіпті күшейтуге бағытталған» деп жазылған.
Банктің құрылтайшылары мен акционерлері Қазақстанның резиденттері, сондай-ақ резидент емес жеке және заңды тұлғалар бола алады. Мемлекет банктің құрылтайшысы және акционері ретінде Қазақстан Үкіметі атынан ғана қатыса алады. Банктің ірі қатысушысы мен банк холдингі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен айқындалатын офшорлық аймақтарда тіркелмеуге тиіс.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
