Елімізде ұлттық құндылықтарды, үлгілі отбасыларды насихаттауды мақсат тұтқан дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі өз мәресіне жетті. Апта басында «Достық» үйінде ұлттық байқаудың облыстық кезеңіндегі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, ұлттық құндылықтардың түп-тамыры саналатын отбасы институтының орны ерекше екенін атап айтты.
– Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін Отан, шаңырақ – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Оның берік әрі нық болуы – елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» – біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысының қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды», – деген болатын. Бүгінде отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсуде. Қазір облысымызда 17 мыңға жуық «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері, 34 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар. Ай сайын 2 млрд 484 млн теңге мемлекеттік жәрдемақы төленуде, – деді аймақ басшысы.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданының Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдені иеленді.
Жеңімпаз отбасының мәуелі бәйтерегі Қабақ Смағұлұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майдандағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі ордендермен марапатталған. Соғыстан кейін 40 жыл қаржы саласында еңбек етіп, Қазалы ауданының Құрметті азаматы атанған. Он бала тәрбиелеген Қабақ ақсақалдың 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшегі өсіп келеді
Айта кетейік, биыл байқауға өңірімізден 304 отбасы өтінім білдірген. Қала және ауданда байқау ережесіне сәйкес келетін 16 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Комиссия мүшелері 11 отбасыны іріктеп, оларға жүлделі орындар мен номинациялар тағайындады. Бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары енді республикалық кезеңге жолданады. Елорда төрінде өтетін сайыста да сырбойылықтардың мерейі үстем болғай!
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!