Қызылордада өткен бесінші Ұлттық құрылтай ел ішіндегі өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, оларды нақты заңнамалық шешімдерге айналдыруымен ерекшеленді. Құрылтай жұмысына қоғамның түрлі саласында белсенді еңбек етіп жүрген азаматтар қатысып, әлеуметтік, экономикалық және рухани бағыттағы маңызды бастамалар талқыланды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алған Жандос Базартай құрылтайдың маңызы мен нәтижелері туралы өз пікірін білдірді.
– Ұлттық құрылтайдың ел үшін маңыздылығы өткен төрт құрылтайда қоғам мүшелері көтерген халық арасындағы өзекті мәселелер негізінде 26 заңның қабылдануымен айқын көрініс тапты. Бұл құрылтай отырыстарының мақсаты дұрыс айқындалғанын және оның практикалық тұрғыда тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Қабылданған заңдар қатарында қоғамда кеңінен талқыланып жүрген лудомания, нашақорлық, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелер бар. Құрылтайға 100-ден аса белсенді азамат қатысып, 4 секция отырысында 200-ге жуық мәселе көтерілді. Айтылған әрбір мәселе халық арасында нақты бар, күн тәртібіндегі түйткілдер. Құрылтай аясында Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік награда алу – үлкен мәртебе. Бұл марапат әр салада адал еңбек етіп жүрген қоғам өкілдеріне берілген әділ баға деп есептеймін. Жеке өзім үшін бұл марапат қуанышпен қатар, жауапкершілікті де арттырды, алдағы уақытта одан да нәтижелі еңбек етуге ынталандырады. Сонымен қатар, құрылтайда конституциялық реформаға қатысты ірі саяси бастамалар болатыны айтылды. Мемлекет басшысы өңір басшысының жұмысына оң бағасын берді. Бұл Сыр елінің әрбір азаматы үшін үлкен мақтаныш болды. Жол инфрақұрылымына қатысты Қызылорда – Жезқазған автожолының Қызылорда бөлігі аяқталғаны атап өтті. Медицина және әлеуметтік салада соңғы үш жылда өңірге 2 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, көптеген нысандар салынды. Президент еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өскенін айтып, Қызылорда облысының да осы деңгейде өсім көрсеткенін атап өтті. Бұл өңірдің республикадағы әлеуеті жоғары аймақтардың қатарында екенін білдіреді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы бірқатар өңірлердегі жылу электр орталықтарының жаңғыртылмағанын сынға алды. Ал Қызылорда облысында бұл мәселе инвесторлар есебінен шешіліп, 215 млрд теңгеге жылу электр орталығын салу жобасы жүзеге асырылуда. Бұл тек облысты ғана емес, көршілес өңірлерді де жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Тазалық мәселесіне келсек, «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар. Сондай-ақ музей ісін дамытуға қатысты Президент Қызылордадағы заманауи музей үлгісін атап өтіп, басқа өңірлерге үлгі ретінде көрсетті. Аймақ басшысына берілген жоғары баға Сыр елінің тұрғындарын қуантады деп сенемін. Өңірдегі көптеген нысандар инвесторлар тарту арқылы салынып жатыр. Ірі компаниялармен келіссөз жүргізу, жауапкершілік жүктеу – үлкен еңбектің нәтижесі. Құрылтай кеше ғана өтсе де, өңірде жұмыстар тоқтаған жоқ. Бүгіннің өзінде Қазалы ауданында жаңа спорт кешені ашылып жатыр. Қазір Сыр елінің даму қарқыны республика көлемінде үлгі боларлық деңгейде,- деді Жандос Нұртайұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
