Сейсенбі, 30 желтоқсан, 20:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№99, (2211)
27.12.2025
PDF мұрағаты

Ұлттық тауарлар каталогі: 2026 жылдан бастап тауар айналымы жаңа цифрлық тәртіпке көшеді

30.12.2025

56 0

Фото: Egemen.kz.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда тауар айналымына қатысатын барлық өнім Ұлттық тауарлар каталогінде (ҰТК) тіркелуі тиіс. Бұл талап сауда көлемінің, соның ішінде онлайн сауданың күрт өсуіне және елдегі цифрландыру үдерісінің жедел дамуына байланысты қабылданған. Жаңа жүйе мемлекет пен бизнес үшін ортақ, бірізді әрі ашық тауарлық деректер кеңістігін қалыптастыруды көздейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық тауар каталогі не үшін керек?

Ұлттық тауар каталогі – мемлекеттік деректер базасы, яғни Қазақстанда өндірілетін және импортталатын барлық тауардың бірыңғай цифрлық тізілімі. Ол мемлекет пен бизнес үшін ортақ анықтамалық ретінде қолданылады. Каталогтің негізгі мақсаты – тауар туралы деректерді біріздендіру, есепке алу сапасын арттыру және нарықтағы ақпараттың анықтығын қамтамасыз ету.

ҰТК аясында әр тауарға бір рет әрі өмір бойына тегін берілетін ұлттық сәйкестендіру нөмірі – NTIN (National Trade Item Number) бекітіледі. Бұл код тауардың «цифрлық төлқұжаты» іспетті. Ол электронды шот-фактураларда, тауарға ілеспе жүкқұжаттарда, фискалдық чектерде, кедендік KEDEN жүйесінде, мемлекеттік сатып алуларда және есеп жүргізу платформаларында негізгі кілт ретінде пайдаланылады.

Бүгінгі таңда бір тауардың атауы кеден декларациясында бір бөлек, ал электронды шот-фактурада мүлде басқаша жазылып жүр. Ал ТН ВЭД секілді кең классификаторлар тауардың нақты сипатын ашып бере алмайды. Соның салдарынан бағаға, салыққа, шығу тегіне қатысты түрлі манипуляцияларға жол ашылады. ҰТК осы олқылықтың орнын толтырып, тауарды айналымның барлық кезеңінде бірдей әрі нақты тануға мүмкіндік береді.

Каталогте коммерциялық айналымға арналған базалық атрибуттармен қатар, электронды мемлекеттік сатып алулар үшін кеңейтілген сипаттамалар да тіркеледі. Бұл бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына, бірдей тауарлар арасындағы баға алшақтығын азайтуға жағдай жасайды. Сонымен қатар «отандық өндіруші» деген ұғымды жасанды түрде пайдаланыпжеңілдіктерге ие болуға тырысатын жалған кәсіпорындардың жолын кеседі.

Тұтынушы үшін де ҰТК-ның мәні зор. Чекте тауардың нақты атауы көрсетіледі, ал цифрлық сервистер арқылы оның өндірушісі мен сипаттамасын тексеруге болады. Бұл – денсаулық пен қауіпсіздік мәселесі. Саудадағы ашықтық пен сенім осы жерден басталады.

Бизнеске әсері және цифрлық дамудың кең ауқымы

Заң бойынша ҰТК-ға тауар енгізудің негізгі жауапкершілігі өндірушілер мен импорттаушыларға жүктеледі. Яғни тауар экономикалық айналымға енген сәттен бастап тіркелуі тиіс. Дегенмен өтпелі кезеңде бұрын әкелінген немесе өндірілген, бірақ каталогқа енбеген тауарлар бар. Олар толық сатылып біткенше айналымда қала береді. Осы уақытша кезеңде көтерме саудагерлер мен бөлшек сауда өкілдері де тауарды ҰТК-ға енгізуге міндеттеледі. 

ҰТК сауданы шектемейді. Егер тауарда NTIN болмаса, оған автоматты түрде XTIN деген уақытша код беріледі. Бұл код тауардың тіркелмегенін белгілеп, кәсіпкерге бір ай ішінде ҰТК-ға деректерді енгізіп, тұрақты NTIN алуды міндеттейді. Осылайша бизнес тоқтамайды, ал жүйе тәртіпке келеді.

Кейбір кәсіпкерлер NTIN-ді халықаралық GTIN коды алмастыра ала ма деген сұрақ қояды. Алайда бұл екеуі бірдей емес. GTIN – GS1 ұйымы әзірлеген жаһандық код, оны пайдалану үшін мүшелік пен төлем қажет. Ал NTIN – Қазақстанның ұлттық идентификаторы, тегін әрі тұрақты. GTIN тек қосымша ақпарат ретінде ҰТК картасына тіркелуі мүмкін, бірақ оны алмастыра алмайды.

Мұндай ұлттық каталогтер көрші елдерде бұрыннан бар. Беларусь Республикасында 1997 жылдан бері Мемлекеттік өнімді каталогтау жүйесі жұмыс істейді. Өзбекстанда тауарлар мен қызметтерге 17 таңбалы ИКПУ коды берілетін бірыңғай электронды ұлттық каталог қолданыста. Бұл елдерде каталогтер салық, кеден, онлайн-касса жүйелерімен толық ықпалдасқан.

Ranking.kz мәліметінше, еліміз 2024 жылғы БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексінде 193 елдің ішінде 24-орынға көтеріліпонлайн-қызметтер субиндексі бойынша үздік үштікке енген. Ал Өзбекстан мен Беларусь бұл рейтингте айтарлықтай төмен сатыда тұр.

Цифрлық серпін мұнымен шектелмейді. Биыл Қазақстан алғаш рет әлемдегі ең қуатты 500 суперкомпьютердің тізіміне енді86-орынға «Alem.Cloud», 103-орынға «AI-Farabium» суперкомпьютерлері жайғасты. Орталық Азияда бұл жетістікке жеткен жалғыз ел – Қазақстан. Оның үстіне, ең қуатты кластердің мемлекеттік секторда орналасуы – цифрлық дамудың негізгі драйвері мемлекет екенін көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Ұлттық тауар каталогі – жай ғана деректер базасы емес, Қазақстан экономикасын ашық, әділ және басқарылатын етуге бағытталған стратегиялық құрал. Бірыңғай тауар деректері кеңістігін қалыптастыра отырып, ҰТК елдің цифрлық даму бағытын нақты іспен бекемдейді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: