Жұма, 22 қараша, 15:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Ұлттық жоба әзірленді – мемлекет жалақының бір бөлігін өтейді

06.09.2021

1048 0

Қазақстанда 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру» ұлттық жобасы әзірленді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – жұмыспен қамтамасыз етуді қолдау және халықтың табысын арттыру. Ал министрлік тарапынан негізгі екі бағыт бойынша қолдау жасалады. Олар:

  • өз ісін ашу мен дамытуға жағдай жасау;
  • субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау.

Халықты жұмыспен қамту департаменті директорының орынбасары Руслан Тілеубаевтың айтуынша, өз ісін ашу мен дамытуға жағдай жасау бағыты бойынша ауыл халқына баса назар аударылады. Себебі ауылдық жерлерде еңбек нарығын ұйымдастыру оңай емес.

«Ауылда тауарды өткізу нарығы үлкен емес. Кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігі де төмен. Ауыл кәсіпкерлері көп жағдайда өнімдерін сата алмай жатады. Сондықтан оларға қолдау көрсетіледі», – дейді Тілеубаев.

Осылайша, кәсіпкерлердің жұмыс жағдайын жасау және жақсарту үшін өндірістік-өткізу тізбегі жасалып, ауыл шаруашылығы кооперациялары нығайтылады.

«Бірінші кезекте әрбір аудан мен шағын қалалар үшін бизнес-жоспарлар әзірленеді. Соның негізінде бизнес-жобалар іріктелетін болады. Өндірістің нақты кейстерін модульдік оқыту, бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша бастамалар көзделген», – деп атап көрсетті Тілеубаев.

Ал кәсіпкерлерді тиімді қолдау мақсатында еңбек нарығында қиындыққа тап болған жастар, мүгедектігі бар адамдар мен зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша субсидия беру қарастырылған. Осыған байланысты бірнеше жоба қолға алынады. Олар:

  • «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында зейнеткерлік жас алдындағы тұлғалар жастармен өз тәжірибесімен бөліседі. Ал ондай адамдардың жалақысы 25 АЕК (72 925 теңге) мөлшерінде субсидияланады;
  • «Алғашқы жұмыс орны» жобасы NEET буынды жастарды жұмысқа орналастыруға арналған. Олардың жалақысы 20 АЕК (58 340 теңге) көлемінде субсидияланады:
  • «Күміс жас» жобасы зейнеткерлік жас алдындағы адамдарға жұмыс орнын құруды көздейді. Ондай адамдардың жалақысы 50 процентке мемлекет тарапынан өтеледі;
  • «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасы мүгедектігі бар адамды жұмысқа орналастыру шараларын қамтиды;
  • «Қоғамдық жұмыстар» жобасы ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай жұмыспен қамту шараларымен 3,1 миллион адам қамтылады. Олардың 1,6 миллионы тұрақты жұмысқа орналасады. Ал жұмыссыздық деңгейі 4,7 процентке төмендейді деген жоспар бар.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: