Қазан айындағы еліміздегі басты жаңалықтың бірі ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен ұлттық жобалар тізбесін атап өтуге болады. Президент ұлттық жобалар тізбесін жай бекітіп қана қойған жоқ, арнайы жарлық шығарып, тарихқа мөрмен таңбалап енгізді. Жалпы Президент бекіткен ұлттық жобалар тізбесінде қандай салалар қамтылған?
Қазақстан Президентінің осы жылдың 7 қазанындағы №670 Жарлығы негізінде ұлттық жобалардың тізбесі бекітілді. Жарлық мәтіні Ақорданың сайтына жарияланды.
«Үкімет заңнамада белгіленген тәртіппен ұлттық жобаларды бекітсін. Осы жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын», – делінген құжат мәтінінде. Жарлықтың орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктелген.
Республика Президенті «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Ұлттық рухани жаңғыру», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу», «Жасыл Қазақстан», «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Қауіпсіз ел» сынды 10 ұлттық жобаны бекіткен.
Президент Жарлығына сәйкес ел үкіметі де ұлттық жобалар тізбесіне сай жұмыс жасауды бастады. Сөзімізге дәлел ретінде үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиынды атап өтуге болады. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет отырысында ұлттық жобалар қаралды. Келелі кеңесте ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында үлкен жұмыс атқарылды», – деді А. Мамин.
«Тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобалары, 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба, «Жасыл Қазақстан», «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобалары биыл қабылданған жалпыұлттық басымдықтарды, ұлттық даму жоспары мен ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.
Премьер-Министр ұлттық жобаларда көзделген ісшаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларына және «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті. Ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартудың факторына айналады. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында ұлттық жобаларды бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен қаржыландыру көзделген.
Үкімет басшысы жобалық тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Ұлттық жобалар тізбесі келешек үшін жасалған маңызды қадам екені белгілі. Ең бастысы, 10 жобаның барлығы да елге, келешек ұрпаққа қажетті бағыттарды қамтыған. Бұдан ертеңін жарқын ету үшін бүгінін берекелі ете білген бабалардың сара жолын көруге болады.
Әзиз БАТЫРБЕКОВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!