Сенбі, 04 қазан, 21:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№75,2187
04.10.2025
PDF мұрағаты

Ұлылықтың кемеңгері – ұлы ұстаз

04.10.2025

126 0

Бүгін А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған қызылордалық мұғалімдерді ұлықтау шарасы жоғары деңгейде өтті. Салтанатты жиынға қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов және облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов қатысты.

Қызылордалық ұстаздарды төл мерекесімен құттықтаған қала әкімінің орынбасары елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етіп, саладағы жақсы жаңалықтар мен толымды тірліктерге тоқталды.

«Биылғы тамыз конференциясында Мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы «Мен Қазақстан ұстаздарының қажырлы еңбегін жоғары бағалаймын, Сіздер жас буынға беріп жатқан білімнің күшіне сенемін. Шын мәнінде, ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия. Адам қандай жетістікке жетіп, биікке шықса да, ұстазының алдында өмір бойы шәкірт болып қалады» – деген болатын.

Әрине, біз де оқушы болып, ұстаздан тәлім – тәрбие алдық. Сондықтан баршамыз ұстаздарымызды қадір тұтып, қолдап отыру азаматтық борышымыз. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің үйлестіруімен өңіріміздің білім саласында серпінді жобалар жүзеге асырылуда. Қаламыздың өзінде 5 бірдей «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Физика – математика бағытындағы мектеп алғашқы қарлығаштарын қабылдады. «Сыр жұлдыздары» шығармашылық – инновациялық академиясы жаңа мүмкіндіктер алаңына айналды. «Оқушылар сарайы» озаттар орталығы атанды. Мұнан бөлек, спортты жанына серік етер балаларымызға арналып «Үстел теннисі» орталығы ашылды. Қазір «Қызылорда Арена» дене шынықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Осындай игі бастамалар жас ұрпақтың болашағы үшін жасалуда. Жасалған қолдаулар мен ұстаздардың тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде оқушыларымыз жетістіктер қоржынын толтырып, мерейімізді тасытуда. Бүгінде шәкірттеріміз түрлі байқауларға қатысып, халықаралық, республикалық зияткерлік сайыстарда, олимпиадаларда топ жарып келеді. Кешегі ұлттық бірыңғай тестілуде Сыр өңірінің өрендері ұтқан грант санымен алдыңғы қатарға шықты.

Ұстаздарымыз болса мемлекеттік марапат – «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталуда. Міне, мұның барлығы – қызылордалық мұғалімдердің жоғары кәсіби шеберлігі, соның нәтижесіндегі зор табыстар екені сөзсіз»,- деген қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абызов барша ұстаздар қауымына толағай табыс тіледі. Мерекелік шарада ардагер-ұстаздарға Оқу ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Құрмет» грамотасы, облыс әкімі және қала әкімінің, облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасы, «Алғыс» хаттары, үздік 10 педагогке 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Ақ тілек-құттықтаулар ыстық ықыластың барлығы да бұл күні ұстаздар қауымының құрметіне арналды. Оқушылар ән жырдан, биден шашу шашып, мереке сәнін аша түсті.

Қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздыкі» деген ұлағатты сөзі ешқашан құнын жоймақ емес.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: