Жексенбі, 08 желтоқсан, 04:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Ұрпақтың жақсы болуы – тәрбиеден

12.05.2022

1439 0

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білесің» – деген сөздің шындығын ата-ана болғанда түсінесің. Жалпы ана атану, бала тәрбиелеу қоғамдағы жауапты істердің бірі екені сөзсіз. Кейбіреулер қазіргі уақытта жастардың тәрбиесі дұрыс емес, олар қалай сөйлеуді, киінуді, жүруді білмейді деп сөгіп жатады. Ал сол «жастарға, жалпы балаға дұрыс тәрбие беріп жатырмыз ба?»  деген сұрақ мазалаған жан бар ма екен? Балаға тәрбие құрсақтан бастап беріледі. Яғни ана болу үшін бар жауапкершілікті атқара білу қажет.

Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үл­кен ағаш болғанда оны түзе­те алмайсың» деп бекер ай­тылмаған. Түсіне білген адам­ға бұл сөзде терең мағына жатыр. Яғни баланы сәби кезінен қолға алсақ, оларға көп тәрбие берген болар едік. 

Бүгінде ұрпаққа тәрбие беруден гөрі, оның айтқанын істеу басым. Әркім өз баласының сөзін сөйлеп шыға келеді. Содан ол білгенін істемегенде қайтеді. Тәрбиені  қалай беріп жатырмыз, қарапайым түріне тоқталайыншы. Шыр етіп сәби дүниеге келген сәттен бастап, бала жыласа қолына ұялы телефонды ұстата са­ламыз. Одан 3-4 жастағы өрен­ді теледидардың алдына отырғызып, мультфильм қосып береді. Ол қандай арна көріп отыр, оны тексермейді. Ал 5-6 жастағы жеткіншек компью­тердің құлағында ойнап оты­рады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгінің баласы тәрбиені за­манауи технологиялардан алуда.

Сондай-ақ қазіргі балғындар ақшаның буымен өсіп келеді. Мәселен, таныс келіншек екі баласы қолына тиын ұстатпаса, сабаққа бармайтынын естіп таң қалғаным бар. Бұл бір ғана отбасының басындағы жағдай емес. Нақтырақ айтқанда, балаға айтқанын істету үшін қолына ақша беріп жұмсайды. Мектепке үйден тиын-тебен алмай шықпайды. Дәл осылай баланы еркіндікке жіберген қаншалықты дұрыс? Ана мен әке махаббатына зәру балғындар ақшамен өз-өздерін алдап жүрген жоқ па? Үйдің тірлігі, жұмыс деп баламен бірге уақыт өткізбек түгілі, сабағын да қарамайтын отбасылар бар. Бір сәт баланың көзіне қарап, оны жақсы көретінін, тәрбиесі үшін алаңдайтынын айтып отыру да керек болар.

Қоғам үшін әр отбасында тәрбиеленіп жатқан баланың орны ерекше саналады. Сон­дықтан оның бойына жас­тайынан ізгілік, мейірімділік, адамгершілік сынды құнды қасиеттерді сіңіріп отырған жөн. Жасөспірімдер арасында қылмыстың көбеюі, олардың бұзақы әдеттерге баруы, түнгі ойын клубтарын жағалауы бәрі тәрбиеге байланысты.

«Тәрбие  – тал  бесіктен бас­талады», «Баланы – жастан» деген ұлағатты сөздердің өзі тәрбиенің басын көрсетіп отыр. Себебі есейіп   кеткен   соң   оның теріс   мінезін,   қалыптасқан   қате   көзқарасын  өзгерту   өте   қиын.  Бала тәрбиелеуді бесік­ке бөлеуден бастасақ, мұның өзі қазір үлкен  дауға айналды. Сәбиді бесікке бөлеуді қаламайтындар бар. Сонда ұлттық құнды­лығымыздың расында жоғалып бара жатқаны ма?

Тәрбие берудің негізгі мәйегі – мейірім мен сүйіспен­ші­лік. Бұл махаббатқа олар қашанда шөлдеп тұрады. Сондықтан баланы шексіз мейіріммен өсіру керек деп түсінемін.

Бала тәрбиесі жөнінде Абай: «Адамның жақсы болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға адамнан үш алуан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе олардың қайсысын жақ­сы көрсе, содан көп жұ­ға­ды», – деп, осы үшеуінен бала­ның болашағы шешілетінін ес­керткен. Біздің қоғамда бала тәр­биесіне үлкен көңіл бөлу – заман талабы. Елдің ер­теңі – жас­өспірімдерге лайық тәрбие беру басты міндет екенін естен шығармайық.

Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты – балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздейді. Мұның бәрі – түсінген адамға қолдың кірі. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса, адам өмірінің мәні – өз ұр­пағымыздың тәрбиесіне көңіл бөліп, бақытты басқадан емес, баладан іздейік.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: