Батыс Қазақстан облысында ұсақ малдардың жаппай қырылуына қатысты тексеріс басталды, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Тексерісті Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық департаменті жүргізеді.
Малдардың қырылып жатқаны туралы жазған әлеуметтік желідегі жазба авторы мұның себебін жұқпалы аурудың өршуі деп болжаған. Сондай-ақ, оның айтуынша, жергілікті халық ұзаққа созылған жаңбырдан ұсақ мал әлсіреп кеткен.
24 шілдеде таңғы сағат 6:00-ден бастап Казтлов ауылында қатты жаңбыр жауған. Шопан жайылымнан қойларын ауылға айдай алмай, Казталов ауылдық округіндегі Мышым қыстауына тастап кеткен. Салдарынан 25 шілдеге қараған түні 38 бас қой-ешкі қырылып қалған.
Сол күні ветеринарлық қызмет мамандары өлекселерді мал қорымына шығарды. Аса қауіпті ауруларды болдырмау үшін өлген 2 бас қой мен 1 ешкіден патологиялық материалдар іріктеліп алынып, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық ветеринариялық зертханасына жіберілді.
Нәтижелері 5 тамызда дайын болады. Эпизоотиялық жағдай осы аумақтың ветеринариялық қызметінің бақылауында.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!