Астана медицина университетінің студенті Дінмұхаммед Бектұрған шұғыл медициналық көмек көрсеткені және жолаушылар ұшағының бортында адам өмірін сақтап қалғаны үшін Денсаулық сақтау министрінің атынан Құрмет грамотасы табыс етілді, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова өзінің әлеуметтік парақшасында жас батыр, Астана медицина университетінің студенті Дінмұхаммед Бектұрғанға шын жүректен алғыс білдіретінін жазған.
– Ол керемет батылдық, біліктілік пен адамгершілік танытты. Ұшақ бортында, жолаушылардың бірі шұғыл медициналық көмекке мұқтаж болған қиын жағдайда Дінмұхаммед абдырап қалмады. Оның жылдам және сауатты іс-қимылының арқасында адам өмірін сақтап қалды.
Бұл әрекет оның жеке мінезінің ғана емес, сонымен бірге оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, сонымен қатар дәрігер мамандығының маңызды құндылықтарын: мейірімділікке, жауапкершілікке тәрбилейтін ұстаздарының да қажырлы еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Мен Дінмұхаммед сияқты жас мамандарды мақтан тұтамын және оның тәлімгерлеріне болашақ дәрігерлерді даярлауға қосқан үлесі үшін алғыс айтамын.
Бүгін Дінмұхаммед Бектұрғанның көрсеткен іс-әрекеті Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Дінмұхаммед, саған оқуда үлкен табыс, кәсіби өсу және жаңа жетістіктер тілеймін, – деп жазды Министр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!