Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 15:29

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

«Вагнер»: Мәскеуге жорық

27.06.2023

611 0

Ресейде заты белгісіз бұлқыныс болды. Саяси сипаты не азаматтық соғысқа, не әскери төңкеріске кел­мейтін дүдәмал қимыл. Бүтін елді бір түнде бостырған қақтығыстың мәнін өзге тұрмақ, ресейліктердің өздері де түсініп үлгермеген се­кілді. Бар білетіні, «Вагнер» атауымен танымал ЖӘК (Жеке әскери компаниясы) сарбаздары Дондағы Ростовқа кіріп, елдегі саяси элитаны жөнге салатынын мәлімдеген. Тіпті коллонна Мәс­кеуге бет түзеп, қарулы топ ел астанасына апаратын күре жолмен көктей өтті. Жан-жаққа жамырай қашқан зиялы қауым мен тыныштық іздеген жұрт тағы да көрші елдерге ағылды. Алайда көп өтпей арыны қатты сарбаздар райынан қайтып, іс өзге реңкке боялғанын байқаймыз. Сонымен істің мәні неде? Дүниені дүрліктірген әскери жорық қандай мәселенің басын ашты? Бастысы, бұл қадамдың саяси атауы қандай? Аталған сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Әңгімені «Вагнер» ЖӘК-тен бас­тау жөн. Себебі оқиға ортасын­дағы «бас фигура» – Евгений Пригожин – «Вагнер» ЖӘК басшысы.

Әлемде соғысқа табыс табу мақ­сатында қатысатын жалдамалы әскерлер болатыны анық. Майданға кіргеніне қомақты қаржы алатын сарбаздардың сұрауы жоқ, саны көп. Соғыстағы қай тараптың болмасын негізгі күшіне жатпайды. Қосалқы, арнайы тапсырма бойынша әрекет етеді. Қай жерде ақы төлесе, сол жерде қан төгуге бар. Міне, «Вагнер» деген сондай жал­дамалы әскерлер ұйымы. Яғни коммерциялық ұйым. Әрине, абсурд естілуі мүмкін, дегенмен Ресей-Украина арасындағы қақтығысқа бірнеше жеке әскери компания қатысуда.

«Вагнер» де 2013 жылдан бері Сирия, Ливия, Орталық Африка Республикасы секілді елдерде майданға кірді. Әскерлеріне қомақты қаржы төлеп, 2014 жылы Украинадағы соғысқа жалдамалы әскерін апарды. Әскерінің негізгі бөлігі орыс ұлтының өкілдері болғандықтан, соңғы кездегі басымдық Украинада еді. Ресей де өткен жылдан бері ұйымның көмегін пайдаланып, әскери техника, қажетті жарақ, орасан қаржы беріп келген. Нәтижесінде топ өкілдері ұрыста бірнеше ірі жеңіске де жеткені бар. «Вагнерліктердің» Бахмут қаласын қан-қасап жолмен алғанын мысалға келтіруге болады.

Дегенмен бірнеше ай бұрын оқиға күрт өзгерді. «Вагнер» басшысы Евгений Пригожин Ресей тарапы тиісті оқ-дәрілерді дер кезінде жеткізбегенін айтып, әлеуметтік желіде қайта-қайта үндеу тас­тады. Соңғы «шыдам» 24 маусымда сарқылғандай. «Вагнер» басшысы тылда­ғы әскери тұрақтарды Ресей әскері ат­қылады деп айыптап, Мәскеуге қарсы «әділет маршын» бастаған. Пригожин ашумен Дондағы Ростовқа әскер кіргізіп, бейнежазбамен қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб бастығы Валерий Герасимовты сыбаған еді. Артынша, Мәскеуге апаратын күре жолмен әскерін ел астанасына бағыттады.

Сол түні-ақ ел алашапқын болды. Зия­лы қауым қайда қашарын білмей, бірі Қазақстанға, екіншісі Түркияны паналап, дүрлікті. Тіпті, Ресей президенті Владимир Путин үндеу жариялап, жалдамалылардың әрекетін «арқадан пышақ сұғу» деп атады. ФСБ қарулы көтеріліс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сонымен 24 маусымда түн ортасына таяп қалғанда Пригожин «Вагнер» ЖӘК жауынгерлері Мәскеуден 200 шақырым жерде екенін және «қан төгілетін сәт келгенін» мәлімдеді. Жер-жерде контр­террористік режим орнатылып, Ресей жағы танк жолын бөгеу үшін күре жолдарды қазуға кіріскен. Жағдай ушық­қанын сезген Беларусь президенті Александр Лукашенко елдестірмек ниет­пен ЖӘК басшысымен келіссөз жүргізеді. Нәтижесінде Евгений Пригожинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылады, ол Белоруське кетуге шешім қабылдаған. Ресей билігі де арылмас даудан басын арашалағанына қуанып, көтеріліске қатысқан «вагнерші­лерді» қудаламайтынын, көтеріліске қа­тыспаған «Вагнер» ЖӘК жалдамалылары қызметін жалғастыруға болатынын мә­лімдеді. Терроризмге қарсы операция режимі жойылып, «Вагнер» жауынгерлері алдымен Оңтүстік әскери округінің штаб-пәтерінен, содан кейін Дондағы Ростов қаласынан шыққан еді. Осылайша, бір күнде айналаны аласапыран еткен бүлік басылды.

Кейін Пригожиннің өзі үндеу жариялап: «Тараптардың бір жағында орыс қаны төгі­летінін түсініп, барлық жауапкершілікті сезіне отырып, біз колонналарды бұрып, кері бағытта кетіп бара жатырмыз», – деді.

Енді негізгі сауалға қайта оралайық. «Бұл қадамның саяси сипаттамасы қандай? Қақтығыс нендей олқылықты көрсетті?». Оқиға тым күрделі. Мәселе хронологияда емес, саяси астарында. Бірінші бүліктің әлеуметтік-саяси сипатын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі азаматтық соғыс деуге келмес, өйткені қоғам еш тарапта болған жоқ. Ал әскери бүлік ретінде қарауға – «вагнерліктердің» негізгі қарулы күш құрамында болмауы кедергі. Міне, сон­дықтан бұл оқиға әрі кеткенде, қарулы баскесерлердің бүлігі деңгейінде қалып отыр. Бірақ нендей бүлік десеңші…

Көбінің көкейінде қос күдік бар. Бірі, оқиғаны билік «сценарий бойынша» ұйым­дастырды десе, енді бірі Ресейдің қорғаныс саласындағы олқылық көрінді дейді. Расында, саны небары 25 мың әскердің түн жарымда Мәскеу түбіне жетіп баруы күдік тудырады. «Вагнер» әскерінде ауыр техника, танктердің барын білеміз. Әскери сарапшылар танк 1000 шақырымға жуық жерді бір күнде еңсеру мүмкін емес дейді. Оған қоса, қос тараптан адам шығыны болмай, әуе және құрлық әскері қақтығыспай, ел астанасына келу – күлкілі. Ресей билігі қарсылас жолын жойқын ұшақтармен емес, тас жолды қазып бөгегені де шикіліктің шетін шығарағандай. Осының бәрі оқиғаның «қойылымға» ұқсайтынын білдірсе керек.

Бірақ «қойылым» не үшін? Түрлі бол­жам бар. Қисындысы екеу. Алғашқысы, Ресей «Вагнер» мәндес өзге де жеке әскери компания құрып, оларға ортақ мүмкіндік бермек. Бұл іс орайына Пригожин қарсы шығып, билікті уысынан шығармау үшін әркет етті. Путиннің назарын аудару үшін жорық жасап, кейін жағдай бақылаудан шыққан.

Екінші тұспал да нанымды. Путин қорғаныс министр мен соғысқа қарсы бірқатар шенеунікті тазарту үшін «өзіне сылтау» дайындаған. Кейін бүлікке қатысы бар деген желеумен ыңғайға көнбес басшыларды қамауға таптырмас орай. Не десе де әліптің артын баққан орынды. Шындық ертелі-кеш ашылары анық.

Айта кетерлігі, бұрын «Вагнерді» Ресей билігінің ресми мекемесі деген пікір бар-тын. Ресей тарапы бұл компанияға қатысы жоғын жасырып келгенімен, Украинаға басып кіргелі жанына тартып, тіпті штаб-пәтері Санкт-Петербургте екенін мәлімдеді. Соғыс кезінде мобилизациядан қашқан азаматтардың көбеюі, майдандағы адам шығыны ұйым қажеттілігін одан әрмен бекіте түсті. Ресей билігі жеке әскери компанияның үгіт-насихат жүр­гізуіне мүмкіндік беріп, азаматтарды соғысқа араластыруға тырысты. Қызығы, Пригожиннің түрмедегі сотталушыларды жалдамалы әскер қатарына келуге үгітте­ген бейнажазбасы да тараған болатын. Уәде­сі – қомақты қаржы мен соғыстан кейінгі бостандық. Сондықтан кейінгі жылы «Вагнерліктердің» қатарының көбеюіне Ресей билігінің тікелей ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз.

P.S. Беларусь мемлекетіне кеткен Пригожиннің тағдыры қызық-ақ. Енді қайда бармақ? Украинадағы қан төккен жауыздығын батыс пен АҚШ ұмытпас. Қайта барса, сонда әділдік сотын орнатары белгілі. Ал пана болған Ресеймен шекіскен түрі мынау. Мыңдаған әскерімен қай жерден орын алары белгісіз. Бүгінде жаса­ғымен Беларусьқа бет алған басшыны Лукашенко да жақтыртпас. Амал жоғынан шеңберге кіргізген секілді. Райы қай күні өзгерері белгісіз топ кімге керек болсын…

Шолу жасаған Е.ЯКУДАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: