WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынатыны рас па? Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауап берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрлік мәліметінше, WhatsApp, Telegram және басқа да шетелдік мессенджерлерді қолдануға тыйым салынады деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Жеке мақсатта шетелдік сервистерді қолдануға тыйым салынбайды. Aitu мессенджерін енгізу бастамасы тек орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ, квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қызметтік коммуникация үшін ұсынылады. Оны мемлекеттік қызметкерлер тек жұмыс барысында қауіпсіздік мақсатында пайдаланады», – деп жазылған хабарламада.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, Aitu қызметтік хат алмасудың, жұмыс чаттарының, жедел хабарламалардың негізгі құралына айналады.
«Оның басты артықшылығы – барлық сервер Қазақстан аумағында орналасуы, бұл деректі қорғау талаптарына сәйкес келеді», – деп жазылған хабарламада.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!