Елде утилизациялық алымға байланысты дау әлі де болса басылмай тұр. Бұл бүгін қозғалған мәселе емес. Бұған дейін тозған көлік, кәдеге жарату үшін салынатын салық көлемі жайында әңгіме болған.
Әрісі былтыр #НетУтильсбору қозғалысы болып, автокөлік иелері утилизациялық алымға қарсылық білдірген болатын.Соңғы деректерге сүйенсек, еліміздегі автокөліктердің дені «шаршаған». Айналаңызға көз жүгіртсеңіз, көпшілік тізгіндеген темір тұлпарлардың біразы сонау 1991-1999 жылдар аралығындағы тоз-тозы шыққан көліктер. Соған қарамастан көліктің арзандағанын көрмедік те, естімедік те. Керісінше жыл санап қымбаттауда. Ал шетелден алынатын автокөліктерге қойылатын салық көлемі тым қымбат. Мысалы, бізде бір утилизациялық алымның өзі, еуропалық, азиялық басқа мемлекеттерге қарағанда он есе жоғары. Қарапайым халықтың қалтасына ауырлық түсетіні де осыдан. Тіпті соңғы бір-екі жылдықта шетелдік нөмір таққан автокөлік иелерін алым-салым титықтатып тастаған еді.
Нақты деректерге сүйенсек, Қазақстанда 4 миллионға тарта автокөлік бар. Оның 65 процентінің пайдалану мерзімі он жылдан асқан. Әрісі отыз жылға жуықтады. Соған қарамастан көліктердің бағасы «айға ұшып тұр». Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың утилдік алым мәселесін реттеуді тапсырып, мемлекеттің қарамағына өткізу жайлы шешімі бұқара халыққа дем бергендей.
Президент Үкіметке автонарықтағы аталған келеңсіздікті тез арада шешуді тапсырған еді:
– Кәсіпкерлер мен тұтастай қоғамда «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы» (ӨКМ) деп аталатын компанияның қызметіне қатысты көп сұрақ туындады. Тіпті бұл жеке компанияға қарсы белгілі бір қоғамдық қозғалыс пайда болды.
Үкіметке «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі операторы» ЖШС-ның кәдеге жарату алымын жинақтау мен кәдеге жарату алымына құзырет етуді тоқтататын шараларды қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуға тиіс. Алымдардың өзіне тоқталсақ, олардың мөлшерлемесін қайта қарастыру керек. Мемлекеттің кәдеге жарату, автокөлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жөніндегі функциялары қолданыста қалады. Аталған мәселені бизнес және қоғаммен мұқият талқылау қажет. Кәдеге жарату алымы есебінен отандық автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасын сатып алушыларға ваучерлер ұсыну мәселесін қарастыру керек. Оны қолданудың басқа да қоғамдық пайдалы тетіктері қарастырылсын, – деді Президент.
Міне, осыдан кейін іске жауаптылар жұмысқа кірісті. Көп ұзамай Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев бүгінге утилдік алым түрінде жинақталған қаражаттың көлемі 691,9 млрд теңгеге жеткенін айтып, оның қайда жұмсалғанын да мәлімдеді.
«Атап айтқанда, отандық автокөлік өндірушілерге 338,9 млрд теңге мөлшерінде кәдеге жарату түріндегі бұрын төлеген қаражаттары қайтарылды. Экологиялық мәселелерді шешуге 102 млрд теңге және салықтарға 49,1 млрд теңге жұмсалды.
Бүгінде екінші деңгейдегі банктерде қалған қаражаттың 220,6 млрд теңгесі жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік бизнестің, қоғамның және мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мына мәселелерді пысықтайды: біріншіден, жеке мемлекеттік операторды немесе өнеркәсіпті дамыту қорының базасында құру. Екіншіден, кәдеге жарату төлемінің коэффициенттерін қайта қарау. Үшіншіден, кәдеге жарату алымы есебінен отандық көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алушыларға ваучерлер беру қарастырылады» – деді С.Брекешев.
Әбден ушыққан мәселенің бүгін басталмағанын мақала басында айттық. Жалпы бұған дейін утилизация алымымен айналысып келген («Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы») ӨКМ-не елдің айтар өкпесі көп. «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да аталған мекеменің жұмыс процесін сынға алған. Қоғам белсендісінің сөзінше, ӨКМ Операторы 2015 жылдан бері 1 млрд долларға жуық қаражат жинаған көрінеді. Сондай-ақ жыл сайын компания мемлекет қазынасынан 150 млрд-қа тарта қаржы алып отырған. «Egemen Qazaqstan» басылымына берген сұхбатында:
«Мысалы, автошиналарды алып қарастырайық. Оның бір данасы үшін ӨКМ утилизацияға деп 37 теңге алады. Оны қалай жұмсайды? Шамамен 7 теңге операциялық шығындарға кетсе, 26,5 теңгесі (бүкіл соманың 70 проценті) логистикаға, яғни көліктік шығындарға жұмсалады. Тек 3,5 теңгесі ғана қайта өңдеуге бағытталады. ӨКМ жұмыс істемей тұрып шинаны жинаумен айналысатын ұйымдар шикізатты зауытқа өздері тасып келді. Алайда ӨКМ бұл шикізатты кәдеге жаратамыз деп өздері жинауды бастаған соң жоғарыдағы ұйымдар осы қызметті тоқтатуға мәжбүр болды. Демек, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарға автошиналарды сатып алып, өздеріне тасымалдауға тура келді. Бұл өзіндік құнның жоғарылауына әкелді. 2016-2017 жылдың ара-лығында өңделген шикізат үшін зауыт бірыңғай оператордан 120 млн теңге көлемінде қаражат күтті. Бірақ бұл ақша зауытқа берілген жоқ. Бұған бір құжат жетіспейді дегендей себеп айтылса керек. Зауыт несие ақшасына салынғандықтан 2017 жылы кәсіпорынның шоты бұғатталып, өндіріс тоқтады. Қазір Жоғарғы соттың шешімімен зауыт иелерінен тартып алынып, акционерлері борышкер атанды. Жұмыс орындарын ашып, өң-делген қалдықты экспортқа шығарып тұрған зауыт осылайша жойылды. Осындай мысалдың өзінен ӨКМ жұмысын бағамдауға болады» – дейді белсенді.
Міне, мәселенің бәрі осында жатыр. Ендігі міндет – халыққа ыңғайлы, автонарықта қайта дау туындамайтындай жағдай жасау. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе қозғалды. Енді соған сай тың жобалар жүзеге аспақ. Осы орайда сарапшылар жаңа жоба бойынша утилдік алыммен бірге алғашқы тіркеу құнын да азайтса деген пікір білдіруде. Сонда қарапайым халықтың жаңа автокөліктерге қолжетімділігі арта түсер еді дейді олар.
«Көлік тұтынушылар нарығындағы дефицитті жойған мәселе бұл әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтың азаюына алып келеді. Осы секілді мәселелердің барлығын реттеуге көмектесетін болғандықтан біз утиль алы-мымен қоса бастапқы тіркеу мәселесін де қайта қарастыруын сұраймыз», – дейді сарапшы Нұраддин Садық.
Аталған мәселелерден соң көпшілік көлік арзандайды деп болжам жасауда. Дей тұрғанмен экономист Сапарбай Жобаев утилдік алым арзандаса да ол автокөлік бағасына әсер етпейтінін айтады. Сол себепті темір тұл-пардың бағасы арзандайды деуге әлі де болса ерте сияқты.
«Баға ертең бірден түседі немесе қалады деп айту өте қиын. Оны сатып үйренген адамдар мәселен, сол жоғары бағада, олар соны бірден төмендете ме, менің соған күмәнім бар. Көлікке сұраныс төмендесе, онда баға біраз төмендеуі де мүмкін, жаңағы утильжинау көлемінде ғана. Ал қалғанына өзгермейді», – деді экономист Сапарбай Жобаев.
Иә, утилдік алым мәселесі көптен бері қарапайым халықтың ашуын туғызғаны белгілі. Шетелден су жаңа темір тұлпар әкеліп тізгіндейін десе, миллион теңгелік салықпен бетпе-бет келеді. Нақтырақ айтсақ, кедендік БАЖ салығы, бастапқы тіркеу, «Еуро-5» стандартына сәйкестік сертификаты, соңғысы осы дауға айналған утилизациялық алым. Негізінен автокөлік иесінің жағдайын қашыратын да осы утилдік алым.
Сарапшылар біздегі утилдік алым мөлшері басқа мемлекеттермен салыстырғанда ақылға қонымсыз екенін айтады. Мысалы, былтырғы статистикалық деректерге сүйенсек, Жапон елінде утилизациялық алым құны 100-200 АҚШ доллары аралығында екен. Ал Еуропаның үздік бестігіне кіретін Германияда 100 еуро, Ұлыбританияда 50-80 еуро екен. Біздің ақшамен есептесек, жобамен 50-100 мың теңгенің айналасында. Ал біздің елде бұл құн 4-5 миллион теңгеге барады екен. Міне, солай.
Кеше Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі утилизациялық алымның коэффициенттерін қайта қарау ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ өндірушілердің (импорттаушы-лардың) кеңейтілген міндеттемелерінің операторы болып мемлекеттік ұйым ретінде «Жасыл даму» акционерлік қоғамы болғанын айтты. Ал «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның кәдеге жарату алымын әкімшілендіру және тиісті қаражаттарға билік ету бөлігіндегі қызметі тоқтатылды.
«Утилизациялық алымның коэффициенттерін төмендету мәселесі бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кәдеге жарату алымының коэффициенттерін қайта қарау бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Бұл мөлшерлемелер осы жылдың ақпан айының соңына дейін қаралып, бекітіледі. Жоғарыда көрсетілген жұмыс тобының қызмет нәтижелері туралы ақпарат министрліктің интернет-ресур-сында орналастырылады. Көрсетілген уақытқа дейін кәдеге жарату алымы «Жасыл даму» АҚ операторына қолданыстағы мөлшерлемелер бойынша төленуде», – делінген министрлік хабарламасында.
Осы тұста айта кетейік, утилизациялық алым мәселесін реттеу үшін Экология, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері Үкіметке бірлескен ұсыныс әзірлеп, енгізетін болды.
Ақтілек БІТІМБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!