Қызылорда облысында қоғамда заң үстемдігін нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жоба аясында Асыл мұра – Орда қоғамдық қоры өңір жастарына арналған бірқатар мазмұнды семинарлар өткізді.

2026 жылғы 17–19 наурыз күндері жоба аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Құқықтану» кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі заңгер Қаржаубаева Ләззат Майлыбайқызы қатысуымен Шиелі ауданы, Жаңақорған ауданы және Қазалы аудандарында жастармен ашық форматтағы семинарлар ұйымдастырылды.

Семинарлардың басты тақырыбы – «Адал қоғам: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және заң үстемдігі» болды. Семинар барысында жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы, заң талаптарын сақтау, азаматтық жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықтың қоғам дамуына тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірілді.
Іс-шаралар аудандық «Руханият» орталықтарында өтіп, оған мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар мен белсенді жастар қатысты. Семинар барысында қатысушылар өзекті құқықтық мәселелер төңірегінде пікір алмасып, сала маманынан тәжірибелік кеңестер алды.
Мұндай тағылымды семинарлар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда адалдық пен әділдік құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.
Айта кету керек, жоба аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, өңір жастары арасында құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
