Қазақстанда 2026 жылдан бастап зейнетақы төлемі 10%-ға өседі. Келер жылдарға арналған бюджет жоспарына сәйкес, 2026 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері 69 049 теңгеге жетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде бұл көрсеткіш 62 771 теңгені құрап отыр, демек өсім 6 278 теңге болмақ. Сонымен қатар базалық зейнетақы мөлшері де 32 360 теңгеден 35 596 теңгеге дейін көтеріледі.
Ең төменгі және ең жоғары төлем мөлшері
2026 жылғы индекстеуден кейін еліміздегі ең төменгі жалпы зейнетақы мөлшері (базалық төлемді қосқанда) 104 645 теңгеден кем болмайды. Ал ең жоғары зейнетақы көлемі 238 412 теңгеге дейін жетеді деп күтіледі.Еске сала кетейік, Қазақстанда зейнетақы үш бағыттан құралады: 1998 жылға дейінгі өтілі барларға арналған ынтымақты, баршаға ортақ базалық және БЖЗҚ-дағы жеке жинақтаушы бөлік.
Алдағы үш жылға арналған болжам
Бюджет жобасында зейнетақының орташа мөлшерінің де өсу қарқыны көрсетілген. Орташа зейнетақы:
- 2026 жылы – 103 687 теңге;
- 2027 жылы – 108 940 теңге;
- 2028 жылы – 113 995 теңге.
Орташа базалық зейнетақы:
- 2026 жылы – 54 082 теңге;
- 2027 жылы – 58 276 теңге;
- 2028 жылы – 61 527 теңге.
Ерлер 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Бұл ереже 2028 жылға дейін күшінде болады. Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде 2,5 миллионнан астам зейнеткер бар.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
