Қазақстанда зейнетақы төлемдері белгілі бір жағдайларда немесе шетелге шығуына байланысты уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Зейнетақымен және әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Баян Хасенова мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, зейнетақы төлемдерінің уақытша тоқтатылуы мүлдем берілмейді деген сөз емес.
Егер азамат елден тыс жерге шықса немесе ұзақ уақыт бойы зейнетақы алуға өтініш жасамаса, төлемдер белгілі бір жағдайлар нақтыланғанға дейін уақытша тоқтатылады. Кейін бұл мән-жайлар анықталған соң, төлемдер толық көлемде қайта жүргізіледі, – деп түсіндірді Хасенова.
Министрлік өкілі атап өткендей, мұндай шаралар зейнетақы қоры қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін заңнамада көзделген.
Зейнеткер туралы мәлімет ұзақ уақыт бойы болмаған жағдайда, мысалы, азамат шетелге шықса және бұл туралы хабар берілмесе немесе зейнетақы шотында белсенділік болмаса, төлемдер уақытша тоқтатылады, – деді ол.
Қажетті құжаттар ұсынылғаннан кейін немесе зейнеткердің мәртебесі расталған жағдайда төлемдер толығымен қайта жүргізіледі, оның ішінде уақытша тоқтату кезеңіне тиесілі сома да есептеледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!