2026 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандары айтты. Брифингте алдағы өзгерістер, төлемдердің қайта есептелу тәртібі және азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндалды.
– Жаңа жылдан бастап еңбек сіңірген жылдары үшін және жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 10 пайызға артады.Сонымен қатар, жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс мөлшері 237875 теңгеге көбейтіледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 70 пайызы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады, бірақ ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 118 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі. Сонымен қатар, мүгедектігіне және асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің ұлғаюына байланысты артады. Одан бөлек, жаңа жылдан бастап «Күміс алқамен» марапатталған аналардың ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақысының мөлшері 27680 теңгені, ал, «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 32005 теңгені құрайды,-деді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Алия Сламжанқызы.
– Қызылорда облысы бойынша 3293 алушыға еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайға және 2833 асыраушысынан айырылған жанұяға төлемдер мөлшері ұлғайтылды. Осылайша, жұмыс істейтін азаматтар алатын төлемдердің жиынтық мөлшері жұмыс істемейтін азаматтарға қарағанда көбірек болады. Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемнің мөлшері ұсталуға жататын міндетті зейнетақы жарналарын қосымша есептей отырып, бала туу кезектілігіне қарай белгіленген бала күтіміне байланысты мемлекеттік жәрдемақының мөлшерінен кем болмайды. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қызылорда облысы бойынша осы төлем 5806 алушыға артады. Әлеуметтік төлемдерді қайта есептеу 2026 жылғы 1 қаңтардағы алушылардың қосымша құжаттарды ұсынуын қажет етпейді және автоматтандырылған режимде жүргізілді,- деді Қызылорда облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Гүлсім Жұмағалиқызы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
