Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында зейнеткер Әмина Аймағанбетова қорға аударған 1 миллион теңгені қайтаруды сұрап, азаматтық талап қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, ол қаржыны су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына аударған.
Қор жетекшісі Перизат Қайрат туралы оны ұстағаннан кейін ғана білдім. Енді осы қаражатты қайтарып беруді сұраймын. Зейнеткер үшін бұл аз ақша емес, – деді ол сотта.
Мектеп жәрмеңкесінен қорға 1,7 миллион теңге аударылған
Сот барысында лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, түрік тілінің мұғалімі Йылдыз Йаман да жауап берді. Ол 2024 жылдың мамырында Батыс Қазақстандағы су тасқынына байланысты мектепте қайырымдылық жәрмеңкесі өткенін айтты. Осы жәрмеңкеде жиналған қаражат «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына жіберілген.
Қателеспесем, 1 миллион 704 мың теңге шамасында ақша жиналды. Біз бұл қаражатты мектеп әкімшілігімен ақылдаса отырып, қайырымдылық ретінде қорға аудардық, – деді Йылдыз Йаман.
Оның айтуынша, қайырымдылық жәрмеңкесіне оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар қатысқан. Қатысушылар қаржыны тікелей Йаманның шотына аударып, кейін ол қорға жіберілген.
Елімізде қиын жағдай болған соң, біз де көмектескіміз келді. Барлығы өз еркімен қатысты. Мен тек ұйымдастырушы болдым, – деді ол.
Сот барысында прокурор «ақшаны қайтаруды сұрайсыз ба?» деп нақтылады. Бұл сұраққа куә былай деп жауап берді:
Қайырымдылық мақсатында жиналғандықтан, бұл қаржыны басқа ресми мемлекеттік қорға аударуды сұраймын.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!