Мемлекеттік кірістер комитеті желіде тараған «зейнеткерлер мүлік салығынан толығымен босатылады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарлады.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде зейнеткерлер жеке тұлғалардың мүлік салығынан толығымен босатылатындығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. «Салық кодексіне сәйкес бөлек тұратын зейнеткерлер заңды мекенжайы (олардың тұрғылықты мекенжайы) бойынша тек зейнеткерлер тіркелген барлық салық салу объектiсінiң жалпы құнынан айлық есептік көрсеткiштің 1000 еселенген мөлшері шегiнде босатылады. Есептеу кезінде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылдың 1 қаңтарында қолданыста болатын АЕК пайдаланылады.», – делінген хабарламада. Мемлекеттік кірістер комитеті ақпаратынша, келесі тұлғалар да жеке тұлғалардың мүлік салығынан босатылады: айлық есептік көрсеткiштің 1000 еселенген мөлшері шегiнде – Кеңес Одағының батырлары, Социалистiк Еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған, үш дәрежелi Даңқ орденiмен және «Отан» орденiмен наградталған адамдар, «Батыр ана» атағымен және «Алтын алқа» алқасымен наградталған көп балалы аналар; айлық есептік көрсеткiштің 1500 еселенген мөлшері шегiнде – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ Салық кодексінің 526-бабының 2-тармағында белгіленген өзге де тұлғалар босатылады. Ведомство 2022 жыл үшін мүлік салығын төлеу мерзімі 2023 жылдың 1 қазанында аяқталатынын еске салды.
Ақпарат көзі: kaz.nur.kz
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!