Алматы қаласында жабайы базарлардың дәурені бітіп, дәуірі аяқталып келеді. Бүгінде мегаполисте заманауи да жайлы форматтағы базарларға көшу кезеңі жедел жүріп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
«Біздің мақсатымыз – базарларды қайта салу ғана емес, қауіпсіз әрі қолайлы сауда кеңістігін қалыптастыру. Мұнда бизнес дамып, қала тұрғындары өзін жайлы сезінуі тиіс. Бұл сатып алушыларды, кәсіпкерлер мен қаланың өзін қорғауға бағытталған «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының талабынп негізделген», – дейді Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов.
Бүгінде Алматыда 29 базар толықтай жаңғыртылып, олардың аумағында ірі құрылыстар салынды, инженерлік инфрақұрылым жаңартылды. Оған қоса тағы 21 базар жаңғыртылып жатса, бұл жұмыстар 2026 жылдың соңына дейін аяқталады. Ескірген «Жібек жолы» базарының орнына жаңа меншік иесі осы заманғы тұрғын үй кешені мен сауда орталығын салғалы отыр.
Жалпы, соңғы жылдары қаладағы базарлардың саны кейбіреулерінің орнына сауда орталықтары бой көтергендіктен, 59-дан 51-ге дейін азайды.
Дегенмен әкімдік кәсіпкерлердің неге алаңдайтынын түсінеді. Жалға алу бағасының қымбаттай түсуі пайданы арттыру мақсатында емес, қайта жаңғыртудан кейінгі пайдалану мен коммуналдық шығындардың көбеюіне байланысты туындап отыр. Себебі жаңартылған базарлар орталықтандырылған жылу, су, кәріз жүйелеріне қосылады, санитарлық талаптар мен абаттандырылған аумақ қамтамасыз етіледі. Реконструкция кезеңінде жалға алушыларға сауда орындары уақытша жеңілдікпен беріледі.
Осы арада ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204-2-бабына сәйкес, базарларды модернизацияламау әкімшілік жауапкершілік жүктейтінін айта кету керек. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап талаптарды орындамаған базарлардың қызметі уақытша тоқтатылады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!