Сурет ашық дереккөзден алынды
Ел Президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда әрбір оқушының
білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтты.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жолдауда айтылған мәселелер жүзеге асуы үшін тиісті жұмыс жасалуда. Осыған орай жақында Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын мақұлдады. Бұл жобаның аясында 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарты бойынша 840 мың орынға шақталған мектеп салу көзделген. Осы жұмыстар нәтижелі іске асса, мұғалім тапшылығы мен апатттық жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешіледі деп күтілуде.
Республика Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мен көші-қон саясатын жүргізу мәселелері қаралды.
Онда Премьер-Министр 2023-2025 жылдары елімізде 401 жайлы мектеп салу жоспарланғанын айтты. Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, жобадағы іс-шаралардың уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Біздің басты міндетіміз – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. 2021 жылдан бері 674 балабақша ашылды. 326 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ 1436 мектеп жаңғыртылды. Жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының 4 филиалы ашылды. Инновациялық бағыттар бойынша шетелдерден 400 оқытушы тартылды. Жалпы білім беру сапасын жақсарту бойынша жүйелі шаралар іске асырылып келеді, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының сөзіне сүйенсек, жастарды кәсіптік-техникалық біліммен қамту үшін бюджеттен мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша 45 мың орын бөлінген. Еңбек нарығының сұранысына сай кадр даярлау үшін 500-ге жуық кәсіпорын колледждерді қамқорлыққа алған.
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық жоба мектеп инфрақұрылымын жаңғырту үшін әзірленгенін айтты. Оның аясында 842 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы оқу орындарының ауқымды құрылысы көзделген.
Атап айтқанда, ауқымды бағдарлама үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін толық шешуі тиіс. Осы мақсатта 2025 жылға дейін 400-ден аса мектеп салынбақ. Ол үшін бюджеттен 2 триллион 600 миллиард теңге қарастырылмақ. Әрі құрылысқа жемқорлардан өндірілген ақша да жұмсалады. Министрдің айтуынша, соңғы 10 жылда оқушы саны 1 миллионға артып, 3,5 млн-ға жеткен. Бүгінде 800 мыңнан аса оқушы үшін орын тапшы. Ал мәселені шешу үшін салынатын жайлы мектептердің қазіргі білім ордаларынан айырмашылығы көп.
– Қазір салынатын мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандартпен салынатын болады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратын жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше олардың өз оқу кабинеттері, әжетханасы, спорт залы болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл секілді қауіпсіздікті қарастырдық,– деді Оқу-ағарту министрі.
Қазіргі таңда өңір әкімдіктерімен бірлесіп, білім беру сапасын арттыру бойынша жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді.
Мәселен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасын орындау бойынша арнайы жиын өткізді. Онда сала басшыларына жобада көзделген мектептердің сапалы әрі ыңғайлы болуына баса назар аудару қажет екенін айтып өтті.
Айта кетейік, бұл жоба аясында Қызылорда өңірінде 15100 орынға арналған жаңа 21 мектеп салынады.
– «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде салынатын 21 мектептің 8-і Қызылорда қаласында, қалғандары – ауылдық елді мекендерде. Мектеп құрылысын салар уақытта ең әуелі орналасқан орнына ерекше мән беру керек. Міндетті түрде халыққа қолайлы және балаларға ыңғайлы болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Яғни өңірлерде жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталып кеткен. Демек, «Жайлы мектеп» жобасы – балалардың мәселесін түпкілікті шешеді дегенге сенім бар.
Ұлттық білім беру жүйесіндегі стратегиялық бағыт, қағидалар мен тұжырымдар, кешегісі, бүгінгісі және ертеңгі мақсаты – ұрпақ үшін қасиетті қазына.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!