Сейсенбі, 26 қараша, 23:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

«Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асу барысы пысықталды

20.02.2023

632 0

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында Сыр өңірінде 2025 жылға дейін жаңа құрылыс стандарттарына сай 21 мектеп салу жоспарлануда. Ал биыл өңірде 10 білім ордасының құрылысы басталады. Аталған жұмыстардың жүргізілу барысын талқылау үшін бүгін облысқа «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқармасының төрағасы Мәулен Айманбетов арнайы келіп, облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың төрағалығымен өткен жиынға қатысты. Басқосуға қала әкімі, бірқатар облыстық басқарма басшылары мен департаменттер, мердігер мекемелердің басшылары қатысса, аудан әкімдері онлайн түрде байланысты. Жиында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде аймақта қолға алынып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, 2023-2025 жылдары облыста екі кезең бойынша аталған жоба толық іске асырылмақ. Биыл бірінші кезеңде іргетасы қаланатын 10 мектептің жер учаскелері нақтыланып, инженерлік желілермен қамтамасыз етілген халыққа тиімді аумақтардан «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның атына рәсімделгенін жеткізді.

-Қызылорда қаласындағы бес мектепке тоқталатын болсам, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауынан 900 орындық мектептің құрылысы үшін 3,7 гектар, Арай және СПМК мөлтек ауданындағы 2000 орындық мектепке 3,8 гектар, КБИ мөлтек ауданындағы 600 орындық білім ордасына 2,04 гектар, сондай-ақ, Қызылжарма ауылдық округіндегі 900 орындық мектепке 2,5 гектар жер учаскелері табысталды. Ал Арал ауданындағы 2 мектепке 2,04 гектар жер, Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылындағы 300 орындық мектеп құрылысына 2,8 гектар жер, Жаңақорған ауданындағы 600 және 300 орындық білім ордаларына 2,2 гектар жер телімдері берілді. Ал 2024 жылы құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері нақтылануда, – деді басқарма басшысы Ерлан Төрәлиев.

Өз кезегінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, бұл білім ордаларының талапқа сай болуын жіті қадағалау керектігін жеткізді. Сондай-ақ, білім алушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы үшін толықтай бейнебақылау камералары мен жоғары жылдамдықтағы интернет желісі орнатылуы қажет екенін айтты.

-«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын білім ордаларында 25 пайызға дейін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Тағы бір ерекшелігі, мектептердің өз логотипі мен ішкі және сыртқы құрал-жабдықтары бірдей толықтырылады. Сондай-ақ, бұл мектептер қай елдімекендерде салынатын болса да халыққа ыңғайлы аумақта болуы қажет. Яғни, ата-аналар мен оқушылардың мектепке баруы қиындық тудырмауы тиіс. Бұдан бөлек, мектеп орналасқан шағын аудандардағы жолдарда көше жарықтары мен бейнебақылау камералары міндетті түрде болуы керек. Ол оқушылардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды, – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов.

Жиын соңында мердігер мекеме басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жүргізілетін басты жұмыстар нақтыланды.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: