Аймақ басшысының қолдауымен Жалағаш ауданында жол, ауыз су, электр және газ инфрақұрылымын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Елді мекендердің инженерлік желілерін жаңғырту мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында аудан әкімі Ардақ Ибраимов мәлімдеді.
– Өткен жылы аудан аумағында жол саласын дамытуға бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, аудандық маңызы бар 1 автомобиль жолы мен кент және ауылдық округтердегі 37 ішкі көше күрделі жөндеуден өткізіліп, 8 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығы толық күрделі жөндеуден өткен. Ел Президентінің, Үкімет басшысының және облыс әкімінің қолдауымен ауданаралық жолдарға қатысты мәселелер толық шешімін тапты. Сонымен қатар, жол саласын одан әрі дамыту мақсатында 13 жобаға бюджеттік өтінім жолданды. Аймақ басшысының шеткері елді мекендерді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жаңадария және Аққыр ауылдарындағы 5 көшені күрделі жөндеуден өткізуге ағымдағы жылы бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар аталған ауылдардағы көше жолдары мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді, – деді Ардақ Ибраимов.
Сондай-ақ, аудан халқын ауыз сумен қамту мәселесінде де нақты нәтижелер орындалып, электр желілерін жаңарту бағытында да бірқатар жобалар әзірленген.
– Бүгінгі таңда аудан тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Өткен жылы Есет батыр елді мекенінде ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жобасы аясында тиісті қаржы, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Аудан бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырымды құрайды, орташа тозу деңгейі – 32,5 пайыз. Жалағаш кенті, Еңбек және М.Шәменова ауылдарының электр желілерін жөндеу үшін демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджетке ұсынылды. Одан бөлек, аудан халқының 50 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Өткен жылдың қараша айында Қаракеткен және Далдабай елді мекендерін газдандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру мақсатында жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, салалық министрлікке бюджеттік өтінім жолданды,- деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
